Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Туған-туыс, дос қарыз сұраса не істеу керек?

05.04.2023ж. 20:00
1865
Туған-туыс, дос қарыз сұраса не істеу керек?

Қарыз берсең,ақша потогын төмендейді. Туған-туыс, дос-жаранға уақытша теңге беру сондықтан дұрыс емес – дейді мамандар. Ақшамен бірге адамның энергиясы да жоғалатын көрінеді. Бұл – өз кезегінде жақыныңмен қарым-қатынасты бұзып, соңы жанжалға әкеледі. Сонда туысың қарыз сұраса не істеу керек? Аружан Задабек жауап іздеді.

Қазақта «қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Бірақ қазір бергенін «жылап та» қайтпайды – дейді кейбіреулер. Оған статистика дәлел. Қарызға алынған ақының 50 проценті иесіне қайтарылмайды екен.

БЛИЦ:

- Қарызды бересің-ау, ала алмайсың-ау... Көп адамның бірі менмін ала алмай жүрген.

- Намекпен сұрап алу керек. Мысалыға, жәй сөйлесіп тұрған кезде намек тастап жіберіп ше. Басқа біреумен сөйлесіп жатқан кезде қарыз қайтару керек, қарызға ақша керек дегендей.

- Қарыз да алмау керек, қарыз да бермеу керек.

- Бөтен болса, бөтен адамнан сұрауға болады ақшаңды қайтарып бер деп. Ал, туыстардан сұрай алмайсың.

- Қарызын ертерек қайтаруға тырысамын, міндетті түрде. Ол – аманат.

Қарыз алушы ,мейлі, жақын туысың, досың болса да ақшаны қай күні қайтаратынын алдын-ала нақтылаған дұрыс – дейді заңгерлер. Бергеніңнің аз-көбіне қарамастан қағаз жүзінде келісім жасау қажет. Бұл – жақындар арасындағы араздықтың алдын алады.

Ерқанат БЕЙСЕНОВ, АДВОКАТ:

Сомманың көлеміне қарамастан, жәй ғана жазбаша қолхат қарызға алушыдан талап етсе болады. Ол қолхаттың ішінде сомманың көлемі, қайтару мезгілі және жеке басын куәландыратын мәліметтер жазылса болады.

Асыл дінімізде де қарыз алғандағы уәде қағазға түсірілгені абзал екені жазылған . Оның маңыздылығы сонша, адам дүниеден өткеннен кейін, жаназа намазында марқұмның дүниедегі қарызы сұралады.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Қарыз – берсең сауап, алсаң аманат болып жазылатын дүние. Қарыз беруші мен оны алушы өзара қарыз арқылы алыс-беріс болғандығын қағазға түсіріп, жазғаны дұрыс. Қарызды жазу мәселесінде екі адамды куәгер етіп, берілген қарыздың құны мен қайтарылатын уақыты жазылуы қажет.

Ал, психологтар ең дұрыс шешім - ешкімге қарыз бермеу - дейді.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Ақшаның да өзінің энергиясы бар. Егерде біз қарызға көп алатын болсақ, қарызға көп беретін болсақ, біздің ақша энергиямыз азая бастайды. Одан кейін ресурстарымыз азая бастайды. Және де басқа жақтан келетін ақшаның түсуі де азая бастауы мүмкін. Осыны да әр адам ескерген жөн.

Тұрғындардың 80 проценті «қарыз» десе қысылып қалады. Төбе құйқасы шымырлап, не істеп, не қойғанын аңғармай қалады – дейді психолог. Оны біз де тексердік.

Кейде сұрағанның бәріне бірдей қарыз беретін ақкөңіл адамдар болады. Ол үшін «жоқ» деп айту – қиын. Психологтар мұндай жандарды психикасы әлсіз адамдардың тобына жатқызады. Әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болса, жауапкершіліктен жұрдай жандардың қатары азаяр еді.