Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Самұрық-Қазына» компаниясының трансформациясы 1,4 трлн теңге табыс әкеледі

AstanaTV
23.09.2016ж. 20:00
2419
«Самұрық-Қазына» компаниясының трансформациясы 1,4 трлн теңге табыс әкеледі

«Самұрық-Қазына» компаниясының трансформациясы бес жылдық жоспарда бюджетке 1 трлн теңгеден астам табыс әкелуі тиіс. Бұл туралы күрделі жұмыстың алғашқы қортындылары жасалған сарапшылар кеңесінің отырысында айтылды. Компания басқарушы холдингтен белсенді инвесторға айналуды көздейді. Бүгіннің өзінде оның жоспарында 108 млрд доллардың 100 жобасы кезек күтіп тұр.

«Самұрық-Қазына» трансформациясының негізгі кезеңі өз мәресіне жетті. Компания ішінде бұл жұмыстарды қағаз жүзіндегі күрделі жұмыс деп те атайды. Яғни жоспарлау аяқталып, компанияның болашақта қандай қалыпқа түсетіні белгілі болды. Енді жаңа қалыппен жұмысқа жаңалықтар енгізетін кезең. Компанияның құрамында алты алып холдинг бар. Олар ҚТЖ, ҚазМұнайГаз, СамұрықЭнерго, Кегок, ҚазАтомӨнеркәсіп және Қазпошта. Трансформациядан бес жыл ішінде түсетін табыс 1 трлн 400 млрд теңге болады деген болжам бар.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Нақты айтқанда, жаңа сана қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізіліп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Оның нақты нәтижелері де бар. Мысалы, сыртқы қарызды 8 миллиардтан 2 млрд АҚШ долларына кемітуі осы құрылымды оңтайландыру, активтерді ыңғайландыру деген сияқты жұмыстарға байланысты жүргізілген.

Оңтайландыру арқасында қазірдің өзінде компания топ-менеджерлерінің саны 16-дан тоғыз адамға дейін кеміп, Қор құрамы 40 пайызға жаңарған. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана "Самұрық-Қазына" құрамындағы компаниялар саны 600-ден асып жығылыпты. 2018 жылдың соңына дейін олардың саны 300-ге дейін кеміп, компания төрт деңгейлі басқаруға өтуді көздейді.

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ активтерді оңтайландыру бойынша басқарушы директоры:

Бұл 300-ге дейін төменге түсіру дегеніміз, компаниялардың бағасы төмендеді деген сөз емес. Жаңағы 300 компанияның нарықтық бағасы сол 2-3 жыл бұрын болған 600 компаниядан көп болады деп біз сенеміз.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шүкеев компанияның бүгін күйзеліс жағдайында жұмыс істеп отырғанын айтады. Оған себеп мұнайдың арзандауы мен уран нарығы. Теңге бағамының өзгеруінен кейін бекітілген тарифтер тым төмен болды. Ондай жағдайда тығырықтан шығудың бір жолы - шығындарды қысқарту еді.

Өмірзақ Шүкеев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

6 айдың ішіндегі табыс 25 пайыздық өсім көрсетті. Жалпы табыс екі есеге көтерілді. Бұл компанияның жаппай үнемдеуі мен тиімсіз активтерінің жекешелендірілуінің арқасында. Біз мол табыс әкелетін жобалардың ғана қаржыландырылуын қолға алдық. Оларда жаңа технологияларға басымдық беріледі.

Қор қолдағы жобалары бойынша экономиканың Қазақстан үшін дәстүрлі және тың салаларына назар аударады. Бұл мұнай-газ химия, агрохимия және тау-кен секторы. Оның басымдықтары индустрияландыру жоспарында бекітілген. Компания 2020 жылға дейінгі дамуға жыл сайын 50-80 млрд теңге салуды көздейді. Бұл өз кезегінде құрылыс барысында 9 мың, қолданысқа берген соң 8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Компания бастаған өзгерістер бизнес трансформациясының қалай жүзеге асып жатқанын көрсетті, - дейді сарапшылар кеңесінің мүшелері. Депутаттар, мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» алдында қойған тапсырмаларының іске асу барысына көз жеткізіп тарасты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ