$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Оралда сәбиін бөшкеге тастап кеткен көкек ананың кім екені анықталды

25.04.2023ж. 20:00
1392
Оралда сәбиін бөшкеге тастап кеткен көкек ананың кім екені анықталды

Мал екеш мал да төлін далада қалдырмай айналшықтап, иіскеп, маңайлап, алыстауға қорықпаушы ма еді? Жыртқыш аң да бөлтірігін қорғайды....Ал адам баласы аңнан бетер азғын болып кеткені ме?.. Оралда қоқыс салатын бөшкеден табылған шақалақтың анасы кім екені анықталды. 25 жастағы келіншек боп шықты! Мұнан басқа тағы екі баласы бар. Үшінші сәбиінен осылай құтылмақшы болған. Жұртты дүрсілкіндірген бұл оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Анасы жаңа туған сәбиін мына темір бөшкеге салып кеткен. Баланың жылаған даусына елеңдеген тұрғындар целлофан пакетке оралған шақалақты тауыпты.

Тұрғындар баланың шырқырап жылағанын естігенімен, басында мысық деп ойлапты. Бірақ шырыл басылмағасын, сыртқа шыққан үй иесі күнделікті қоқыс төгетін бөшкенің ішіндегі мысық емес, шақалақ екенін көрген. Осыдан кейін баланы жылы жерге апарып, жедел жәрдем шақыртқан.

Дамир ҚОЖАНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына моншада туған. Получается мына үйдің квартиранттары ғой. Үйде тумаған, моншада туған. Сүрткен бе, қанын сүрткен бе бірдеме, сосын осы жерге тастап кеткен сосын. Коробкаға орамалды қойдық та, сразу шығарып, орап қойдық. Мына жерге жатқызып бетін ашып қойдық. Сосын сразу скорыйларды шақырдық.

Шақалақ қазір қалалық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ұл бала уақытылы дүниеге келген, салмағы мен бойы қалыпты. Тек суық жерде 7-8 сағат жатып, екі өкпесіне де суық тиген.

Мақсат ОРАЗБАЕВ, БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Балаға қазір алдын ала екіжақты пневмония диагнозы қойылып тұр. Бас миының гипоксиясы, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы деген диагноз қойып отырмыз. Соған байланысты қазір ем алып жатыр. Бүгінгі күнде баланың жағдайы бірқалыпты, дене қызуы қалыпқа келді.

Лунара АМАНҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл бап бойынша айыпталған адамға 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады немесе ол 45 тәулікке қамалады. Көкек ананың баласын неліктен қоқысқа тастағанын полиция анықтайды.