$488.45 €529.19 ₽5.04
×

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бюджеттік кредит көлемі 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды

AstanaTV
26.04.2023ж. 12:08
1532
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бюджеттік кредит көлемі 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін бюджеттік кредит көлемі 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында несиенің ең жоғары мөлшері 1 500 айлық есептік көрсеткіш болса, енді оны ұлғайтуға қатысты іс-шара көзделіп отыр. Яғни, бюджеттік кредит көлемін 2 000-2500 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал көтерме үстемақыны 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін 2 есе ұлғайту бойынша ұсыныстар жинау тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол ауылдық жерлердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу құралдарының бірі «Ауыл ел - бесігі» жобасы болғанын атап өтті.

«Бұл жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Сол 2019-2022 жылдардың аралығында 1 031 ауылдық елді мекенде 3700-дей жоба іске асты. Жалпы, 326 млрд теңге қаржы игерілді. 2023-2025 жылдары бюджеттен трансферттерді қарау кезінде жыл сайын 102,2 млрд теңге бөлу қарастырылды», - деді Бауыржан Омарбеков.