Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Атырауда бүйрек ауруынан зардап шегіп, гемодиализбен емделетін 60 науқас далада қалғалы тұр

AstanaTV
27.09.2016ж. 20:00
4164
Атырауда бүйрек ауруынан зардап шегіп, гемодиализбен емделетін 60 науқас далада қалғалы тұр

Атырауда бүйрек ауруынан зардап шегіп, гемодиализбен емделетін 60 науқас далада қалғалы тұр. «Зейін» медициналық орталығы жалға алып отырған ғимарат сот шешімімен мемлекет меншігіне өтіп кеткен. Сот орындаушылар қожайынынан ғимаратты әу баста 3 апта мерзімде босатуды талап етіпті. Алайда науқастарды емдеуге арналған арнайы құрылғыны бұл мерзімде көшіріп үлгеру мүмкін емес көрінеді. Сот шешімін мәжбүрлі орындату үшін сот орындаушылар медициналық мекеме қызметкерлері мен науқастарды аяқтан тік тұрғызды.

Екі бүйрегі істен шыққан бірінші топ мүгедегі Сағидолла Демеуовтің ғимаратты босату керек дегелі мазасы қашты. Қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер қосымша ем-дом тағайындауға мәжбүр болды. Гемодиализге тәуелді жан: «Емім үзілсе, жағдайым нашарлай ма»,- деп уайымдайды.

Сағидолла Демеуов, І топтағы мүгедек:

Мақат деген жерден келемін, келіп-кетемін. Сондықтан осы дау талабы біздің емімізді әрі қарай жалғастырсын дейміз. Бізге оңай емес, екі бүйрек бірдей жұмыс жасамайды, бірінші категория, осы отырғандардың бәрі - сол аурулар. Сондықтан шешімін табу керек қой. Егер мынаны жапқанда, біз қайда барамыз.

Бұл осында ем алатын 60 адамның уайымы. Өйткені орталық дәл осы диагнозбен емдейтін облыстық ауруханадан кейінгі жалғыз жеке клиника. Мамандардың айтуынша, аппаратты басқа жерге көшіріп орнату үшін кем дегенде 3 ай уақыт керек. Алайда сот орындаушылар ғимарат қожайынына берілген 3 апта мерзімде сот шешімінің орындалмаған айтып, босатуды талап етіп келді.

Рысгүл Долдашева, Атырау аумақтық азаматтық істер бөлімінің сот орындаушысы:

Верховныйды жеңбегесін, біз ештеңе істей алмамайыз. Мына шешімді ешкім әлі бұзған емес. Заңды күшіне еніп тұр. Заңды күшіне енгесін, сот орындаушылар мәжбүрлі түрде орындайды. 

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Ғимарат қожайыны - облыстық бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың қылмыстық топ мүшесі ретінде 8 жыл арқалап кеткен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің экс-басшысы Тұрлан Жиенбаевтың  әйелі. Ол "бұл ғимараттың сотталған күйеуіме қатысы жоқ, өзімнің жеке мүлкім" деп отыр.  Соттың үш бірдей сатысынан жеңілген соң Бас прокуратураға да шағым түсіріп үлгерген.

Айгүл Балғанбаева:

Менің атағымда болса да, қарамай алып кетіп тұр ғой бұл ғимаратты конфискация деп. Бірақ менің атағымда тұр ғимарат. Мен өзім салдым, өзім жүрдім. Өзім строитель сияқты жүрем, салам сатам, салам сатам. Әлі  процесс біткен жоқ, әлі болып жатыр. Менің өтінішім - 3 ай берсінші мыналарға, осы больнойлар үшін спокойно көшуге. Пока емін ала берсін.

Ғимарат қазір Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің иелігіне өткен. Сондықтан бірер күнде жаңа қожайындар көшіп келу керек. Дау-дамайдан соң сот орындаушылар ғимараттың дәрі-дәрмек қоймасы орналасқан екінші қабатты босатуды міндеттеді. Ал бірінші қабатты қозғамай, науқастардың емін жалғастыруға рұхсат берді. Алайда қанша мерзімге екені белгісіз.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ