Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Павлодар облысында 3 бірдей ауыл мал жаятын жер таппай отыр

04.05.2023ж. 20:00
948
Павлодар облысында 3 бірдей ауыл мал жаятын жер таппай отыр

Павлодарда 3 ауыл мал жаятын жер таппай отыр. Айтуларынша, шенді-шекпенділер елдімекендердің жайылым жерін жекеге сатып жіберген. Салдарынан бұқара төрт түлігін қайда апарып бағарын білмей отыр. Ал тұрғындар жерді сатқан жауапты тұлғалар жауапқа тартылсын деп талап қойды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп келді.

Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық, Қаракөл және Ребровка ауылының тұрғындары жайылым жерді қайтаруды талап етуде. Айуларынша, жергілікті шенділер ауылдың жайылымдық жерін жекеге сатып жіберген.

Ерсін АХМЕТОВ, РЕБРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мал бағатын жеріміз қалмады. Бірен- сараң жеріміз бар еді. Оның өзін тартып алып жатыр. Халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма? Жоқ па? Біздің мал бағатын жерімізді қайтарып берсін!

Бұдан бөлек тұрғындар осы іске жауапты лауазымды шенеуніктердің де жауапқа тартылуын сұрауда. Өйткені, атқамінерлер халықтан рұқсат алмастан, ауыл іргесіндегі жерді сүт фермасын салатын кәсіпкерге бере салған. Тексеру жүргізген құзырлы органдар 3 бірдей жер телімі заңсыз берілгенін анықтады. Алайда Ақсу қаласының әкімдігі жерді қайтарудан бас тартқан.

Нұрлан ДҮЙСЕНБИНОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз бүкіл жер телімдеріне түгендеу жасаймыз. Жер бөлімінің басшылары көп ауысқан. Жарты жыл істейді. Бір жыл істейді, кішкене істейді. Бізде кемшіліктер көп болған.

Шенділердің бұл әрекетіне қатысты прокуратура тексеру бастады.

Ержан ҚАРЫМСАҚОВ, ОБЛЫС БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

Тексеру жүргізу керек деп есептеймін. Ақсудың жер қатынастары бөліміне қатысты шағым көп. Бірнеше факті бар. Өздері жеңіліп қалатындарын біле тұрып соттасады. Сондықтан кешенді тексеру қажет.

Сүт фермасы салынып жер теліміне қатысты дауға соңғы нүктені сот қояды. Қазір бұл іс Жоғары сотта қаралып жатыр.