$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Орман мекемелеріндегі техниканың 55 пайызы табиғи өртті сөндіруге қауқарсыз», - ТЖМ

16.05.2023ж. 20:00
1006
«Орман мекемелеріндегі техниканың 55 пайызы табиғи өртті сөндіруге қауқарсыз», - ТЖМ

Орман мекемелеріндегі техниканың 55 пайызы табиғи өрттерді сөндіруге қауқарсыз. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты. Оның сөзінше, биылдың өзінде 122 орман өрті тіркеліп, келген шығын 51 млн теңгеден асқан. Жағдай әлі де күрделі болуы мүмкін. Себебі синоптиктер жаз айлары ыстық болады әрі жел күшеюі мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл орман және дала өрттерінің өршуіне әкеп соғады дейді мамандар.

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Өңірлердегі температуралық фонның ұлғаюы және екпінді желдің салдарынан өрттердің тез өршуі тұрғын үй секторында өрт жағдайын нашарлататынын айта кету керек. Жанған құрғақ шөп тұрғын және саяжай үйлеріне ауысуының 14 жағдайы тіркелді.

Елімізде орман өртінің 55% найзағай разрядтарынан тұтанған. Ал 12 өрт тұрғындардың кінәсінен болған. Премьер-Министр жаз айларында табиғат аясындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салу, сондай-ақ қажет болған жағдайда орман алқаптары аумағында демалатын азаматтардың санын шектеу бойынша заңнамалық мүмкіндікті белсенді пайдалану қажет деді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр.