Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы жұмыс сапарының екінші күнінде мектеп жасындағы балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысты. Президентке кәсіби бағдарлау кабинеті, авиамодельдеу, виртуалды зертхана, баламалы энергия көздері секілді үйірмелердің жұмысы көрсетілді. Орталықты аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жеткіншектермен әңгімелесіп, оларды мерекемен құттықтады.
Инновациялық орталықта оқушыларды ерте жастан жан-жақтылыққа баулып, дүниетанымын кеңейтуге жағдай жасалған. Мұнда жеткіншектердің болашақ мамандығын таңдауына бағыт-бағдар беретін клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, психологиялық-педагогикалық түзету, дефектолог, логопед кабинеттері бар. Дарынды оқушы Ақбота Баймахан Мемлекет басшысына жел турбиналары мен күн батареяларының жобаларын көрсетті.
Ақбота БАЙМАХАН, ОҚУШЫ:
Жалпы, бізде жел турбиналары, сонымен қатар, күн батареяларын компьютердегі 3D модельдермен нұсқаулықтарға қарай отырып құрастырамыз. Сонымен қатар, міне, бізде вертикальді және горизантальді жер турбиналары, күн батареяларын біз модельдеп алып, оны жаңартылған энергияға электр энергиясын алуды үйренеміз және оны тәжірибе жүзінде жүзеге асырамыз.
Президент балалардың дарынын, қабілетін дамыту үшін осындай орталықтар өте қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Енді балаларға табыс тілеймін. Жаңартылған энергия деген шын мәнінде өте өзекті мәселе. Бұл мәселемен айналысу керек. Үкімет, бәріміз бұл мәселеге баса назар аударамыз. Сондықтан, бұл мәселенің болашағы жарқын деп айтуға болады.
Орталықта 1000-нан астам бала бір мезгілде түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатыса алады. Мәселен, авиамодельдеу үйірмесінде оқушылар сызбаларды оқып, ұшақтардың моделін құрастырады. Сондай-ақ бағдарламалауды үйреніп, дрондарды ұшырады.
Меруерт ЖЕҢІСОВА, ҮЙІРМЕ ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл жерде оқушылар шешімді өздері қабылдайды, біз тек қана оларға негізгі білімді береміз. Олардың бойында ізденімпаздық, шығармашылық, логика, ақыл-ойдың икемділігі барлығы дамиды. Бұл үйірменің артықшылығы – мұнда жалпы 15-тен аса дрон бар. Және дрондарды бағдарламалауға арналған жиынтықтар бар.
Қазіргі таңда шаһарда қосымша білім беретін 17 мекеме бар. Мектеп жасындағы 320 мың баланың тек 10 пайызы тегін үйірмелермен және спорт секцияларымен қамтамасыз етілген. Осындай нысандардың балаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Түрксіб және Бостандық аудандарында ескі оқушылар сарайының орнына жаңадан даму және шығармашылық орталықтарын салу жоспарланған.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Білім жағы дамып жатыр. Мектептерде жақсы ұстаздар көбейіп жатыр. Қазір енді жеке мектептер де ашылып жатыр ғой. Олардың одан сайын көбеюін қалаймыз. Келешектің барлығы осы жастардың қолында. Осы балалар білім алса, өзін таныса.
- Бүгінде оқушылардың дамуына бағытталған түрлі орталықтардың ашылып жатқанын жиі байқаймыз. Жеткіншектердің білімді, жан-жақты болып өсуіне мүмкіндік көп.
Қала басшылығы 2025 жылдың соңына қарай тегін қосымша біліммен қамту көрсеткішін 25 пайызға жеткізуді көздеп отыр.