Қарағандыдағы ұшақ зауыты
сатылатын болды. Облыстық соттың апелляциялық алқасы осындай қаулы шығарды.
Кезінде тың жобаға несие беріп, қаржыландырған «ҚазАгроФинанс» АҚ ұшақ зауытын
сатуға сот арқылы рұқсат алды. Өйткені ауыл шаруашылық ұшақтарын шығаруы тиіс
«ҚазАвиаСпектр» мекемесі 2011 жылы «ҚазАгроФинанстан» 1 млрд 150 млн теңге
несие алып, оны толық қайтара алмаған. 2014 жылға дейін қарыздың 124 млн
теңгесін ғана жауып, қаржылық қиындықтарға байланысты борышын өтей алмайтынын
мәлімдеген. Облыстық соттың ақпарына сүйенсек, «ҚазАгроФинанс» мемлекет
қаржысын зауытты сату арқылы өндіріп алмақ.
Амандық Қанбаев, Қарағанды
облыстық сотының судьясы:
Зауытты және өзіне тиесілі жер
телімін сот арқылы өндіру жөнініде шешімге келді. Бұл негізінде сатуға
байланысты, бастапқы құнын іс бойынша тексере келе, 1 млрд 40 млн есебінде
анықтады.
«ҚазАвиаСпектр» зауытының
құрылысы 2010 жылы басталды. Жылына 35 ауыл шаруашылық ұшағын шығарады деп
жоспарланған кәсіпорынның жобасына мемлекеттен 700 млн теңге бөлінген. Бірақ
экспортқа бағдарланған өнім шығаруы тиіс өнеркәсіп бір де бір ұшақ құрастыра
алмады.
Айжан ҚУАШ