$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СҚО полицейлері бес күнде есірткіге қатысты 20 құқық бұзуды анықтады

AstanaTV
31.07.2023ж. 22:00
1069
СҚО полицейлері бес күнде есірткіге қатысты 20 құқық бұзуды анықтады

СҚО-да өткен аптада дәріханалар мен медициналық мекемелер полиция қызметкерлерінің назарында болды.

Тәртіп сақшылары құрамында есірткі бар заттардың заңды айналымындағы ережелердің сақталуын тексерді. Мұндай заттар қылмыстық ортаға түсіп кетпеу үшін оларды сақтау және пайдалану заңмен қатаң бақылауға алынған.

Бұдан бөлек, өз жұмысында прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар да тексерілді. Полицейлер айтып өткендей, бұл саладағы тұлғалар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қараған, дегенмен, 11 құқық бұзушылық анықталды. Олардың арасында Петропавлдағы дәріханалардың бірінде әсер ету күші қатты дәрілік затты рецептісіз сату фактісі де бар. Фармацевт ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапқа тартылды.

«Аталған жұмыс 24-28 шілде аралығында өткен “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізілді. Сонымен бірге басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар да тоқтатылмады. Іс-шара өткен 5 күнде 200 граммнан астам α-PvP синтетикалық есірткісі, 42 килограмм кептірілмеген марихуана тәркіленді. Жедел-профилактикалық іс-шара өткен уақытта барлығы түрлі 20 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның 9-ы қылмыстық, оның ішінде 3-уі есірткі өткізу фактілері. Аталған фактілерге қатысты сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешімдер қабылданатын болады», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Руслан Үмбетов.