Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қаржы министрлігі жалпыға ортақ декларациялауға дайындықты ақсатты - Нұрлан Нығматулин

AstanaTV
26.10.2016ж. 20:00
2118
Қаржы министрлігі жалпыға ортақ декларациялауға дайындықты ақсатты - Нұрлан Нығматулин

Жалпыға ортақ декларациялау шарасына дайындық құрдымға кетті. Бұл қаржы министрлігінің кемшілігі. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин министр Бақыт Сұлтановтың жұмысына осылай сын айтты. Жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкін декларациялау үдерісі 2017 жылы басталады деп жоспарланған. Алайда қаржы министрлігі дайындық жұмыстарын ақсатып, бар шаруа 2020 жылға қалдырылды. Нұрлан Нығматулин жалпыға ортақ декларациялаудың кейінге шегерілуіне депутаттардың қатысы жоқ екенін айтты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Кейбіреулер депутаттар қарсы болды дей береді. Депутаттар онсыз да өмірінің басым бөлігін жалпыға ортақ декларациялау үрдісімен өткізеді. Сондықтан ештеңеден қауіптенбейміз. Қаржы министрлігі бұл тапсырмаға тыңғылықты дайындалған жоқ, сөйтіп оны сәтсіздікке ұшыратты. Енді 2020 жылға көшіріп жатыр. Ал Парламенттен шыққан соң, депутаттар қарсы болды дейді. Ерік-жігерді жинап, батылдық танытыңыздар. Бұл қаржы министрлігіне қатысты. Ведомство жетекшісіне де бұл туралы айтқанбыз.

Палата спикері Ұлттық банктің жұмысына да көңілі толмайтынын білдірді. «Сіздер полиция қызметкері емессіздер, реттеуші органсыздар». Осылай деген төраға бас банк өкілдерін екінші деңгейлі банктерді әлекке сала бермеуге шақырды. Жиында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов проблемалы несиелер туралы түсінік беріп, екінші деңгейлі банктер арасында стресс-сынақ жүргізілетінін айтқан еді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Ұлттық банкке жаңа басшы келсе болды, жаңа стресс-сынақ өткізеді. Нәтижесінде бүкіл қаржы нарығы безек қағады. Сіздер полиция басқармасы емес, Ұлттық банк екендеріңізді естен шығармаңыздар. Реттеушісіздер. Ал екінші деңгейлі банктер елдің қаржы нарығын қалыптастыратын әріптестеріңіз болып табылады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ