$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«AMANAT» партиясы «Қауіпсіз қала» акциясын бастады

16.08.2023ж. 20:00
1018
«AMANAT» партиясы «Қауіпсіз қала» акциясын бастады

 «Amanat» партиясының белсенділері «Қауіпсіз қала» акциясы аясында аулалардағы өрескел жайттарды анықтады. Қарағандылық «Жастар рухы» Жастар Қанатының өкілдері қаладағы бірнеше ойын алаңдарын тексерген. Газондар бекітілмеген. Қоршаулар сынуға жақын. Тіпті аулаларда ашық құдықтар көп. Қурап құлағалы тұрған ағаштар да бар. Мұның барлығын жергілікті әкімдік пен атқарушы органдар қадағалап, олқылықты жоюы тиіс. Белсенділер құзыретті мекемелердің өткенде ғана болған оқиғадан еш сабақ алмағанын айтады. Еске салсақ, екі ай бұрын қатты дауылда дәл осындай бекітілмеген газон көкке көтеріліп үстінде ойнап жүрген екі бала ауыр жарақаттар алған болатын. Сол кезде облыс әкімі барлық ойын алаңдарын тексеруді тапсырған еді, алайда нәтижесі байқалмайды. Партиялықтар «Қауіпсіз қала» акциясы аясында барлық алаңды тексермек.

Ержан ХАМИТОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Ойын алаңының өзінде де мынау газонның өзі бекітілмеген. Қандай да бір жел болса ол ұшып кетіп балаларға қауіп төндіреді. Осының бәрін алдағы уақытта басқа да орындардың барлығын анықтап құзырлы орындарға хабарлап айтатын боламыз».

Шара барасында сондай-ақ, төтенше жағдай қызметкерлері пеш жағатын көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріндегі көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктерді де тексереді. Бұл қондырғылар аз қамтылған жанұяларға тегін қойылған. Белсенділер адам өміріне қауіп төндіретін жағдай болса, "Жастар рухының" әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына немесе 109 нөміріне хабарлауға кеңес береді.