$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Допинг дауы: Жеңіл атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы қазақстандық Нора Джерутоға қатысты шешім әлі шыққан жоқ

AstanaTV
19.08.2023ж. 18:52
831
Допинг дауы: Жеңіл атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы қазақстандық Нора Джерутоға қатысты шешім әлі шыққан жоқ

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек допинг дауына іліккен жеңілатлет Нора Джеруто туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нора Джеруто 2018 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған болатын. Былтырдан бері Қазақстан атынан ресми жарыстарға қатыса бастаған спортшы 3000 метр қашықтыққа кедергілермен жүгіру сайысында Әлем чемпионы атанған болатын. Бұл – Қазақстанның аталған спорт түрінен Әлем біріншілігінде иеленген алғашқы алтын медалі.

Кения тумасы Қазақстанға 2017 жылы қоныс аударып, 2019 - 2022 жылдар аралығында Қазақстан атынан жарыстарға қатысу құқығын рәсімдеумен айналысты. Оған дейін Өскеменде іргесі қаланған Altay Athletics клубының атынан сынға түсіп жүрді.

Биылғы сәуір айында Нора Джеруто допинг қолданды деген күдікке ілінді. Осылайша 27 жастағы желаяқ алда болатын жарыстардан уақытша шеттетіліп отыр.

Мұндай шешімді жеңіл атлетикадағы жағымсыз құбылыстармен күресетін тәуелсіз орган Athletics Integrity Unit (AIU) қабылдаған.

«Нора Джеруто ауру салдарынан туындаған биологиялық паспортындағы өзгерістерді толық түсіндіретін медициналық құжаттар мен қорытындыны AIU комиссиясына ұсынды. AIU тергеуі әлі аяқталған жоқ, қазіргі уақытта Нора Джерутоға допинг қолдану туралы қорытынды шешім шықпады», - деді вице-министр Сәрсен Құранбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен бірге, вице-министр легионерлерге шақыру жіберу федерациялардың құзыретінде екенін, яғни шешімді тек өздері қабылдай алатынын айтты.

«Егер легионерлер біздің спортшыларымызға жақсы ықпал етсе, олармен де жұмыс жасауға болады. Дегенмен ең алдымен өзіміздің спорт мектептерінің түлектерін қолдауымыз керек», - дейді С. Құранбек.