$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбе облысында қылмыс атаулы атымен жоқ 14 ауыл бар

28.08.2023ж. 20:00
666
Ақтөбе облысында қылмыс атаулы атымен жоқ 14 ауыл бар

Ақтөбе облысында қылмыс атаулы атымен жоқ 14 ауыл бар. Солардың бірі - Хромтау ауданындағы Тассай ауылы. Бес жүзден астам халқы бар елдімекендегі қауіпсіздіктің басты сыры неде? Тілшіміз Бақыт Қазанғапқызы ерекше ауылға барып келді.

Хромтау ауданындағы бұл Тассай ауылы ең қауіпсіз ауыл саналады. Елдімекенде жылдар бойы бірде бір қылмыс болмаған. Тіпті ұсақ ұрлықтың өзі тіркелмеген. Сондықтан тұрғындар күндіз де, түнде де есікті кілттемейді.

Ескендір РАҚЫМЖАН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Себебі ауылда қылмыс нөлге тең. Себебі айналамызда Тассайдан бөтен елдімекен жоқ. Оның да бір себебі шығар. Дегенмен ауылдың өзінің халқы қарапайым. Тәрбиесі, халқының өзінің отбасылық тәрбиеде әсер етеді деп ойлаймын. Қауіпсіз сезінеміз. Есікті ілмей жатамыз десек те болады.

Гүлфая ҚОНЫСБАЙҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Бәрі бір-бірімен қоян-қолтық араласып, жақсы тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Мысалы, менің жолдасым вахтада басқа жақта жұмыс жасайды. Мен өзім бала-шағаммен тыныш үйде жата беремін. Кейде есік кілтенеді, кейде балалар кіріп шығып кілттеуді де ұмытып кетеді.

Десе де ауыл учаскелік инспекторының жұмысы жетерлік. Ол таң атқаннан кешке дейін ауылды аралап, заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

Райымбек ОҢҒАРБАЕВ, ТАССАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Осы Хромтау ауданы Тассайда үш жылдан бері участковый болып қызмет етемін. Ауылда мен келгелі қылмыс орын алып жатқан жоқ. Алдын алып күндіз-түні жұмыс істейміз. Әкіммен бірге рейдке шығамыз. Мектеппен бірге рейдке шығамыз күндіз, кешке, түнде, алдын алып іс-шаралар жүргіземіз.

Ауылдың төрт бұрышына төрт бейнебақылау камерасы орнатылған. Оны әкім мен учаскелік инспектор ұялы телефондары арқылы бақылап отырады. Ауылда қылмыс болмауына ол да өз септігін тигізіп отыр.

Ербол ӘБДІРОВ, ТАССАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ауылдың кіре берісіне, орталықтарына 360 градустар айналып тұратын камералар қойдық. Енді нәтиже беріп жатыр. Балалар ойын алаңы бар. Балалар келеді. Телефондарын ұмытып кетеді. Содан қараймыз да әкеп бере қоямыз.

Тассайда қылмыс қана емес, жұмыссыздық та атымен жоқ. Ауыл халқы жергілікті шаруа қожалықтарында толықтай еңбекпен қамтылған.