Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды", - Президент

29.08.2023ж. 20:00
709
"Азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды", - Президент

Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен өткен кездесуде айтты. Басқосу Конституция күніне орай арнайы ұйымдастырылған.

Президент алдымен өткен жылы өткізілген референдумның нәтижесіне тоқталды. Ата Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар мемлекетті басқару жүйесінің нығаюына ықпал еткенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Реформа жасау кезінде ең алдымен құқық қорғау саласына баса мән берілді. Конституциялық Сот құрылды. Омбудсмен институты және прокуратура органдарының мәртебесі артты. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесі айтарлықтай нығая түсті. Реформаның нақты нәтижесі бар.

Ширек ғасырдан бері Конституциялық кеңес жұмыс істеп келген. Тиімділігін көрсетпеді. Мемлекет басшысы осы жылдар ішінде тек 140-қа жуық іс қаралғанын тілге тиек етті. Ал оның орнын басқан Конститутциялық сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Яғни азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуде.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді. Жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады. Азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы едәуір жандана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді.

Мемлекет басшысы Конституциялық соттың жұмысын одан әрі жетілдіру қажеттігін де айтып өтті. Жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет деп тапсырды. Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев сот және құқық қорғау жүйесінің мінсіз жұмысын қалай қамтамасыз ету қажеттігіне айрықша тоқталды. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арызданады. Мемлекет басшысы осындай өтініштердің саны әлі күнге дейін азаймай отырғандығын ескертті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Оны шешуге сіздер тікелей атсалысуларыңыз қажет. Уәкілдердің жұмысына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Прокуратура, Үкімет және әкімдер бұл мәселені күн тәртібінен алу үшін оларға барынша қолдау көрсетуге тиіс.

Мемлекет басшысы ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы алшақтықты қысқарту керек екенін айтты. Өйткені, ауылдықтар көбіне жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді көтереді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Омбудсмен өкілдіктері өңірлерде құқықтық сауаттылықты арттыруға тиімді ықпал ете алады. Жергілікті қоғамдастықтар азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алуға тиіс.

Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек. Бұл – уәкілетті органдар үшін басты міндет. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болмақ.