Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Үкімет жыл сайын ұлттық қордан 2 трлн теңге алып отырмақшы

29.08.2023ж. 20:00
650
Үкімет жыл сайын ұлттық қордан 2 трлн теңге алып отырмақшы

Үкімет Ұлттық қордан жыл сайын 2 триллион теңге алады. Ал Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайды. Экономика министрінің болжамынша, қордан қаржы алудың жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл қаншалықты ұтымды шешім? Бүгін Үкімет үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын бекітті.

Республикалық бюджет жобасы бойынша мемлекет қазынасының шығыны келер жылы 24 триллион теңгеге артады. Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемін арттырып, алдағы 3 жыл бойы қордан 2 триллион теңге қаржы алып отырмақ. Ал жауапты министрлік нысаналы трансфертті 1жарым триллион теңгеге ұлғайтуды көздеп отыр.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңының жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Қаржы министрінің айтуынша, қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Яғни жол, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту сияқты бірқатар әлеуметтік нысандар салынады.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Келесі жылы бюджет шығыстары биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңге болады. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни жалпы шығыстардың 41% құрайды. Келесі жылы оған бөлінетін қаражат биылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғаяды.

Ал шығын зейнетақы, жәрдемақы, стипендия секілді әлеуметтік төлемдердің өсуіне байланысты артты дейді министр. Келер жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 3 триллион теңгеге жуық қаржы көзделген. Үкімет басшысы инфляцияны ескере отырып бюджет шығыстарының өсуі, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды дейді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетін болады. Жалпы аталған салаларға 2024-ші жылы 2,8 трлн теңге бөлу жоспарлануда.

Премьер-министр Үкімет алдында тұрған маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану екенін айтты. Министрлер кабинеті заң жобаларына дауыс беріп, бірауыздан мақұлдады. Енді заң жобасы Парламентке жолданады.