Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жамбылда болған жойқын желдің шығыны 384 млн теңгені құрады

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
3541
Жамбылда болған жойқын желдің шығыны 384 млн теңгені құрады

Жамбыл өңірінде болған жойқын желдің шығыны 384 млн теңгені құрады. Бірақ бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Облыстық жұмылдыру даярлығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы БАҚ құралдары өкілдеріне осыны мәлімдеді. Қуат көзінен қағылған бұқара электр энергиясының қалпына келтірілмегеніне атқарушы билікті кінәлап отыр. Өркениеттен қалыс қалдық деген бүтін бір тұрғын үй алқабының халқы шу шығарды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жұрт жарықтың жоқтығына жылайды. Дүлей дауылдың басылғанына бүгін бесінші күн. Алайда, Төрткөлде тұратын тұрғындар, не жылу, не жарық жоқ, дейді. Қуат көзінен қағылған 500-ге тарта бұқараның базынасы мұнымен бітпейді. 

Не деген бассыздық бұл, айналайын-ау!? Не үтіктей алмаймыз. Не тамақ бере алмаймыз.

Жарықпен жылиды бәрі. Мына кішкентай емшектегі баламызға дейін ауырып ауруханада жатыр қазір. Не деген сұмдық бұл? 

Өзіміздің азық-түлікті осылай далаға қойып қоямыз. Мұздай жерге. Ертең тағы екі күн жоқ болса, мұның бәрі жарамсыз боп қалады ғой.

Ал жедел жеткен жауапты тұлғалар ертеңге дейін алқапқа тегіс жарық тартылады деп уәде етті. Жаңа бағаналар қойылып, желден үзілген сымдарды қалпына келтіреміз деп сендірді.

Бақытхан Әлімханов, Тараз қаласы электр жүйелерінің басшысы:

Жарықтың қосылмау себебі - мердігерді іздеумен болдық. Мынаны істеген. Соны іздеумен болдық. - Таптыңыздар ма енді? - Таптық. - Істеймін дейді ме енді? -Істеймін деп отыр ғой, сол үшін кешке дейін беріледі деп жатырмыз.

Облыс бойынша жалпы саны 36 көп қабатты үй мен 343 жеке тұрғын үйлердің шатыры ұшты. Оларды жөндеуге 24 млн 800 мың теңге бөлініпті. Алайда, көмек қаржы зардап шеккен тұрғындардың бәріне бірдей жетпейтін көрінеді. Себебі әркім өз үйін сақтандыру тиіс, - дейді жауапты маман. Алапат желден бүлінген 400-ден астам ғимараттың 58-і - әлеуметтік нысан.

Мейірбек Піралиев, Жамбыл облысы әкімдігі аппараты жұмылдыру даярлығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы:

Желілердің барлығы қалпына келтірілді. Барлық елді мекенде электр энергия жарығы бар. Жалпы, облыс бойынша 454 нысан зақым шекті. Келген шығынның мөлшері 384 млн теңге деп отырмыз. Бұл әлі де нақтыланады. Негізгі жұмыстар 10 күннің ішінде аяқталады деген есебіміз бар.

Аймақтағы 1300-дей нысан дауылдың салдарын өз қаржыларымен қалпына келтірген. Шығын көлемі тағы еселене түссе, облыс әкімдігінің мемлекеттік резервтік қорынан материалдық көмек берілмек. Апаттан кейінгі ахуал бойынша, 24 бригада электр желілерін жөндеуге жұмылдырылған.

 Данияр ӘЛІМҚҰЛ