$495.95 €524.37 ₽4.98
×

«Халық несие қамытын киіп отыр», - Е. Қошанов

20.10.2023ж. 20:00
972
«Халық несие қамытын киіп отыр», - Е. Қошанов

Кредитті күліп алып, жылап қайтарады. Қайтарады дейміз-ау, берешегін өтей алмай жүргендер екі миллионға жуықтады. Айлыққа дейін ақша беретін қаржы ұйымдары жығылғанға жұдырық болып тұр. Тығырыққа тірелгендерді қарызға белшеден батыруда. Тіпті бір басында 20-дан астам кредиті барлар кездеседі. Табысына қалай қарамаған? Жауаптылар бұған не дейді? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.

Қазір халықтың 84 процентінде, яғни 8 жарым миллион адамның басында қарызы бар. Банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырғандар жетерлік. Кейінгі бір жарым жылда бұл көрсеткіш тіпті 27 процентке артқан. Бірі жоқтықтан алса, бірі несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігінен алады. Бұл үлкен әлеуметтік проблемаға айналды дейді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды.
Кредит алу қиын емес. Талабы да жеңіл. Жасөспірімдердің өзі несие рәсімдей алады. Смартфон мен интернет болса жеткілікті.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл жаста қаржылық жауапкершілікке бола ма? Соның салдарынан ол несиелерді кейін олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді. Адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес нәрселер үшін алып жатады. Екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналды. Сосын бұл құлдықтан әйтеуір құтылу үшін, бұрынғысын жабу үшін, жаңадан несие алу үшін банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр.
Қарызға белшеден батып, тығырықтан шығудың жолын таба алмай қалатындар көп. Халықтың шектен тыс қарызға батуы қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Биыл несиесі бар 12 азамат өз-өзіне қол салған.

Игорь ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Несиесі бар 40 азамат несиесін жабатын ақша «табу» мақсатында түрлі қылмыс: қарақшылық шабуыл, тонау мен ұрлық жасаған. Әрине, оларды ақтамаймыз, заң алдында тиісті жазасын алады. Дегенмен, ойланатын жайт.
Шектеу болмаса шектен шығып барады. Енді тұрақты табысы жоқ 21 жасқа толмағандарға несие берілмеуі мүмкін. Жалақыға дейін жан бағайық деп онлайн займ алатындар аз емес. Олардың қызметін қолданатындар миллионнан асады. Қарызды қарызбен жауып мәселе шешілмейтіні анық. Сондықтан жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай көбейіп жатқан "жалақыға дейін" микронесие беру тоқталуы мүмкін.

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз шағын несиелердің арнайы түрлерін, яғни жалақы төленетін несиелерді толығымен жою туралы бастаманы ұсынып отырмыз. Бұл несиелер қазір 45 күнге дейінгі мерзімге беріледі, оларда 15-20% жоғары мөлшерлеме бар. Біз бұл ережені 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұсынып отырмыз.

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Халыққа кредит берудегі ахуалды заңнамалық тұрғыда жетілдіру бойынша жұмысты бастадық. Бүгінгі Парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу және жеке тұлғалардың банкроттығы мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саласында түзетулер қалыптастырылып, заң жобасына бастамашылық жасалатыны сөзсіз.
Берешегін өтей алмай қиналып жүргендерге "Қарызсыз қоғам" жобасы көмектесуде. "AMANAT" партиясының бастамасымен Мемлекет басшысы қолдады. Жобаның ауқымы кеңейтіліп жатыр.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Президент те өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтты. Қазір бұл жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырыла бастады. Бүгінгі таңда 52 000 адам оқытылды.
Түркістандық Мөлдір Тұрысбекова қарызға белшесінен батқан. Бір басында 4 кредиті бар. Көп балалы ана "қарызсыз қоғам" жобасына қатысты. Заң бойынша несиесін қайта құрымдады. Шамасы жететін бағаны белгіледі. Қазір кесте бойынша берешегін төлеп жатыр.

Мөлдір ТҰРЫСБЕКОВА, "ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:
Айлығым 131 мың теңге, ал несие 250 мың теңге. Әріптестеріме де, ауылдағы дүкенге де қарыздарым көбейіп қалған.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Бүгінгі күнге дейін 52 адамды оқытып үлгердік. Биылғы жылға индикатив 60 мың адамды оқыту. Енді әлеуметтік профилге келетін болсақ қатысқан адамдардың 64,1 пайызы әйел адамдар. 56,9 пайыз көп балалы семьялардың өкілдері. 10,7 пайызы жұмыссыздар, 13 пайызы 60-тан асқан зейнеткерлеріміз
Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Сондықтан Мәжіліс Төрағасы Несие беруге қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде күшейту керектігін айтты. Жеке тұлғаға берілетін кредиттің пайызын төмендету маңызды деді.