Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі Алматы облысына сапарын қорытындылады

AstanaTV
24.11.2016ж. 20:00
3734
Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі Алматы облысына сапарын қорытындылады

Талдықорған қаласында 5 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтаған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы жанындағы Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің отырысында белгілі болды. Жиынға Парламент депутаттары, Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның басшылары қатысты. Жұмыс тобы 7-12 қараша аралығында "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын тексерген. Нәтижесінде 290 пәтерлік көпқабатты үйдің құрылысын жалғастыруға уақытша шектеу қойылды. Себебі бөлінген қаражат тиісті деңгейде игерілмей жатыр.

Қалиасқар Сарыбаев, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Алматы-Талдықорған тас жолы бар. Сол толығымен бітпеді. 2016 жылы толығымен бітуі керек еді. Сонымен қатар «Бәйтерек» АҚ салып жатқан 5 тұрғын үйі бар. 2016 жылы толығымен үйді салып біту керек болатын. Бүгінгі күні ол салынбаған. Осының бәрі конкурстың дұрыс жүргізілмеуі, соттың жүруіне байланысты әлі күнге дейін тоқтап тұр. Сол мәселені қазір көтергелі отырмыз.

Бұдан өзге, 2013 жылы басталған Алматы-Өскемен жолының құрылысын тексеру кезінде де кемшіліктер анықталды. Жұмыстың орындалу мерзімі мен сапасы, жол қозғалысындағы жаяу жүргіншілер қауіпсіздігінің бұзылу жағдайлары кездескен. Қапшағай қаласының Заречный кентіндегі қазандық құрылысында энергетика мен ТКШ саласында шенеуніктер орындалған жұмыс актісіне қол қойғанына қарамастан, нысан құрылысында 186,3 млн теңгенің құрал-жабдығы жоқ екені анықталып отыр. Отырыс нәтижесінде орталық жергілікті атқару органдарына анықталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ, партия ұйымдарына бағдарламаны іске асыруға бақылауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.