Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Үй бағасы төмендегенмен, сұраныс аз",-маман

"Үй бағасы төмендегенмен, сұраныс аз",-маман

Баспананың бағасы арзандады. Құны 11 қалада түсті. Бірақ бөркін аспанға атып қуанған бұқараны көріп отырған жоқпыз. Бұған жылжымайтын мүлік нарығы мамандарының өзі бас шайқап, таңғалды. Сәл арзандаса дүкен сөресіндегі заттай өтіп кетеді деп ойласа керек. Өңірдегі тілшілерімізді тыңдайық.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елдегі үшінші мегаполисте көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер нарқында арзандау байқалады. Көктемнен бері кемі орта есеппен 15-20 процентке баға түсті,- дейді жылжымайтын мүлік орталығындағылар. Алайда сұраныс аз.

Себебі, баға тұрғындар үшін әлі де қымбат. Статистикалық мәліметке сүйенсек, жаңа салынған пәтерлердің бір шаршы метрі кемінде 444 мың теңгеден сатылып жатыр. Екінші нарықтағы үйлер де онан қалыспай тұр. 430 мың теңгеден төмені аз.

Ал мұны кез-келгеннің қалтасы көтермейді.

Нұрлан ДОСЫМБЕКОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шаршы метрі қымбат болғаны ол – строительный материал дейміз ғой, сырье, строительный материал қымбат болғаннан кейін сол себептен де бағалар қымбат болады. Спрос азайып жатыр. Баға қымбат боп жатыр, алатындар ала алмай, сататындар сата алмайды. Бәрі бағасына байланысты. Табысқа байланысты.

Мамандар жеке үйлердің де өтпей тұрғанын айтады. Сондықтан баға 30-35 процентке дейін төмендеген. Соңғы жарты жылда сатылым мүлдем бәсеңдеді дейді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мамандардың айтуынша, әдетте күзгі мезгілде жылжымайтын мүлік сатылымы жанданатын. Бірақ биыл бұл үрдіс байқалмайды. Керісінше айлап сауда тұралап тұр дейді. Сарапшылардың болжауынша, бұл тенденция көктемге дейін сақталуы мүмкін. Ал бас қаладағы жағдай қалай? Сөз әріптесім Дәрібек Бахытбекте....

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Айзада, Елордада тұрғын үй бағасы тіпті шарықтап кетті. Бір шаршы метрі - 500 мың теңгеге жуықтайды. Бұл баспаналы болсам деп армандап жүрген талай жанды алаңдатып тұр.

Үйі жоқтың, күйі жоқ. Баспана мәселесін айтсаң жүрегі сыздайтын жан көп. Бәрінің арманы- бір. Құрқылтайдың ұясындай болса да, өзі үйім болса дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Біз ипотекаға алғанбыз қатты қымбат. 10 жылға алғам, айына 477 мыңнан шығып жатыр. Сол негізі түсірсе болады ғой жастарға, семьяларды қолдап. Мынау не деген баға?
- Қарапайым халық үшін қымбаттау ғой енді. Кішкене түсірсе болар еді. Өйткені, ипотека алғанда да көп төлейді ғой. Мына банктердің накруткалары да жоғары.
- Олар бағасын квадрат шаршы метрін көтереді. Бірақ сапа жақ. Сапа көтерілмейді.

Елордаға қоныстанушылар жылдан жылға көбейіп жатыр. Яғни, баспанаға сұраныс артқан сайын баға шарықтай түсуде. Депутат Дәулет Мұқаевтің айтуынша, бағаның қымбаттауына әртүрлі бағдарламалар әсер ететін көрінеді.

Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бізде үйдің қатты өсуіне әсер еткен өткен жылдары зейнетақы қорынан шектік сомадан асқан ақшаны алуға мүмкіндік пайда болған кезде үйдің бағалары қатты қымбаттады. 30 пайызға дейін кейбір жерлерде 50 пайызға дейін қымбаттады. Бірақ қазіргі кезде салыстырмалы түрде қарайтын болсақ қымбатшылық тек қана 1 процент деңгейінде ғана сақталып отыр. Үйдің нарығында болмағанымен үйдің өзіндік бағалары қымбат.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Айта кетейік, Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешені биыл пайдалануға беріледі. Оны 20 жылдай уақыт күткен үлескерлер үшін үлкен қуаныш. Мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлайды.Астанадағы жағдай осындай. Әрі қарай қызылордалық әріптесім Мөлдір Қожахметова жалғастырады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қызылордада баспана бағасы тұрақты дейді мамандар. Негізінен көпқабатты үйлерге сұраныс жоғары. Мұнда 5 миллион теңгеге де пәтер сатып алуға болады. Жоғарысы -20 млн. теңге. Ал жеке тұрғын үйлер салынған жылы мен орналасқан ауданына қарай бағаланады.

Қайрат ӘБСҰЛТАНОВ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

Салынып жатқан 3 пәтерлі үйді алатын болсақ, шаршы метрі 72 кв метрді құрайды. Сатушылардың 1 шаршы метрі 250 мың теңгені құрайтын болса, бер жағындағы делдалдық сатып алып, сатушылардың негізгі құны 350 мың теңгені құрайды.

Жасұлан Алдабергенов- көпбалы әке. Ол 5 жылда өз баспанасын салып алған. Үй салудың машақаты көп болғанымен, сатып алғаннан тиімді дейді.

Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Этаж үйлерді алайықшы 3 бөлмелі. 17-20 млн теңгеге сатып алатын болсақ, сол 17-18 млн теңгеге жер алып үй салған тиімді. Себебі жер там салатын болса кемінде 5 бөлмелі үй салады.

Жалпы қазір үй сатып алушы аз.

Айдос МЫРЗАБАЙ, РИЭЛТОРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ең біріншіден ІІ реттік банктердің, ипотекалық несие беретін банктердің проценттік ставкаларының жоғарылауына байланысты. Үйдің сатылымына тағы да әсер етіп тұрған бірден бір себеп, жергілікті халықтың жағдайы десек те болады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Риэлторларға жүгінетіндердің 90-85 проценті баспананы несиеге рәсімдейді екен. Олар негізінен бағасы 6-20 млн. теңге аралығындағы үйлердің жылдам сатылатынын айтады.