Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"Елордада екі жылда 50-ге жуық жаңа мектеп пайдалануға беріледі", - Ж.Қасымбек

20.11.2023ж. 20:00
539
"Елордада екі жылда 50-ге жуық жаңа мектеп пайдалануға беріледі", - Ж.Қасымбек

Елордада екі жылда 50-ге жуық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаланың кәсіпкерлерімен кездесуінде айтты. Жиында тағы қандай мәселелер талқыланды? Бекболат Сатуов айтады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің бұл елорда кәсіпкерлерімен осы жылғы екінші кездесуі. Жиында кәсіпкерлер өздерінің өзекті проблемаларымен бөлісіп, күрмеуі қиын мәселелер бойынша көмек сұрады. Бұдан өзге, қала әкімі қаладағы білім беру нысандарындағы орын тапшылығы қалай шешілетінін атап өтті.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 26 мың бүлдіршін барды. Бізде 25 мың оқушы орны жетіспейді. Үш ауысымдағы 8 мектеп бар екенін де ескеру керек. Қазір «Жайлы мектеп» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Келесі оқу жылы қарсаңында 24 мектеп пайдалануға беріледі. Ал биыл 10 мектепті тапсыру жоспарланған. Тағы 8 мектепті өзіміз саламыз, сондай-ақ 17 жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, екі жылда 50-ге жуық жаңа мектеп пайда болады. Осылай орын тапшылығын жоямыз.

Сондай-ақ, жиында балалардың тамағына байланысты тариф бағасын көтеру мәселесі де айтылды. Ол проблема келесі жылы шешімін таппақ.

Қуаныш САПАРОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Білім басқармасы есептеу жасап, енді әкімнің тапсырмасына сәйкес осы көтеруді жоспарлап жатыр. Көтеру үшін бюджеттен жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болады.

Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану маңызды. Осы мақсатта оқушылар сарайы салынады. Қала басшысы барлығы жоспарда барын жеткізді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мұндай 15 нысанның құрылысын жоспарладық. Әр ауданда 5 нысаннан салынады. Бесеуінің құрылысын келер жылы бастаймыз. Екеуі жергілікті бюджет есебінен болса, үшеуі мемлекеттік-жекешелік серіктестік тәртібінде тапсырылады.

2017 жылдан бері қалада мемлекеттік балабақшалар салынбаған. Келер жылы осы бағдарламаны қайта бастауды жоспарлап отырмыз, - деді қала әкімі кездесуде. Осы орайда 60-қа жуық балабақша пайдалануға беріледі. 11 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады деді. Кейбірі бизнеспен бірлесе салынса, қалғанының құрылысы тек бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.