Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне 80 жыл

Биыл  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне  80 жыл

Биыл еліміздегі іргелі көпсалалы жоғары оқу орны – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне 80 жыл. Бүгінде терең тарихы қалыптасып, білікті кадрлардың шеберханасына әрі ғылым ордасына айналған университетте сүйінші жаңалық көп.

Мерейтойға арналған салтанатты жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Мұхтар Әуезовтің Нидерландтан арнайы келген немересі Зифа Әуезова қатысты. Жиналғандар әуелі заңғар жазушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шығыстанушы Зифа Әуезова мерейтойға құр келмепті. Ұлы Абайдың қара сөздерінің голланд тіліне аударылған нұсқасын тарту етті. Еліміздегі ең ірі университеттердің бірі саналатын білім ұясында жақсы жаңалық көп. Соның бірі - Оңтүстік Қазақстан өңірлік университетіне «зерттеуші университет» мәртебесінің берілуі.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Президент тапсырмасымен 15 өңірлік университет іріктеліп, олардың негізінде ғылыми үлкен зерттеу орталықтар ашылуда. Енді арнайы қаржыландыру бөлінеді. Зертханалар, жабдықтау, ғылыми зерттеу орталықтары жаңартылады.

Ғылым мен техникасы дамыған дәуірдің көшіне ілескен заманауи оқу ордасында қазір 28 мыңға жуық студент білім алуда. Болашақ мамандарға 2 мыңға тарта оқытушы-профессор білім береді. Университет түрлі халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие болып жүр. Ал, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінің қорытындысы бойынша 2 орынды иеленіп отыр.

Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Басында 2 факультеттен, 7 кафедрадан ғана басталған екен 1943 жылы университетіміз. Қаншама түлектер шығып жатыр осы еліміздің дамуына үлесін қосып отырған азаматтар, үлкен ағаларымыз осы университеттің түлектері болып табылады.

Зифа ӘУЕЗОВА, М. ӘУЕЗОВТІҢ НЕМЕРЕСІ:

Университеттің дамығанын көргеніме өте қуаныштымын. Студенттердің саны және жас зерттеушілер, олардың да саны өсіп, университеттің білім сапасының бағасы соншама жоғары болғанына қуаныштымын.

Мерейтой аясында «Білім, ғылым және инновациялар» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Сондай-ақ дәрісханалар мен ғылыми зертханалар ашылып, шара мерекелік концертпен қорытындыланды.