Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

650 мың адам баспана кезегінде тұр

22.11.2023ж. 20:00
776
650 мың адам баспана кезегінде тұр

Елдегі құрылыс қарқынында мін жоқ. Тұрғын үйлер бірінен кейін бірі салынып жатыр. Мұндайда «бұл пәтердің бәрі кімге беріліп жатыр осы?» деп ойланып қаласың. Зәулім-зәулім ғимараттар бірінен кейін бірі жарыса бой көтергенінен не пайда, баспана кезегі жылжымайды. 650 мыңға жуық адам әлі «отауын» күтіп жүр. Кезегі келмей о дүниеге аттанып жатқаны қанша?! Елдегі 15 мың тұрғын өз үйін аңсап, өзгенің шаңырағында көз жұмды. Жетім-жесірлерге беріліп жатыр дейін десең, ата-анасы жоқ 62 мың балаға да баспана берілмеген. Сонда мемлекет беретін үйді кім, қалай алып жүр? Халық тағы қанша жыл күту керек? Сюжет көріңіз.

Елімізде жыл сайын 50 мың адам баспана кезегіне тұрады. Оның тек 9 мыңына үйлі болу бақыты бұйырады. Бұл міндеттің 1,5 проценті ғана орындалатынын көрсетеді. Қалғанының әлі қанша күтері белгісіз.

Кезекте тұрған 640 мың адамның 250 мыңының тұрмысы төмен. 51-і соғыс ардагері, 62 мыңы ата-ана қамқорлығынан айырылған. Көпбалалы отбасы саны – 113 мың.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жетім балалар, ҰО соғысына қатысқан ардагерлер, көпбалалы аналардың бірінші кезекте үй алу мүмкіндігі болса, енді сол катигорияға бірінші және екінші топтағы мүгедектерді қосып отырмыз. Олардың арасына мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қосу керек. Егер де сіз «Отбасы банктен» үй алсаңыз, сізді кезектеп шығарамыз. Яғни, үйі мүлде жоқ азаматтар алу керек.

Мемлекет жастарға арзан бағада жалдамалы пәтер береді. Тұрғындар ол шаңырақта 5 жыл тұра алады. Осы уақыт аралығында өз үйлеріне ақша жинап үлгеруі тиіс. 4 жыл бұрын осы пәтерге көшкендер қазір әкімдіктің табанын тоздырып жүр. Келер жылы келісімшарт аяқталады. Ал олардың көбі әлі баспана алатын қаржы жинап үлгермеген. Оған пандемия себеп, -дейді. Депутат Дәулет Мұқаев жастарға арналған нарықтағы ипотекалық бағдарламалардың дұрыс жұмыс істемейтінін айтып, сынға алды.

Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

5 жылдан кейін, келесі жылы жастарымыз қайда барады? «7-20-25»-тің жырын барлығымыз білеміз. Оған қоса 50% жинау мүмкін емес. Себебі ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Ол - айлығы 120 мыңнан асуы керек деген норма. Яғни негізгі санаттың айлығы 120 000-200 000 теңге арасында.

Арамызда өз үйін емес, өзгенің пәтерін сағалап жүргендер көп. Түрлі санат бойынша кезекке тұрып, ақырында баспана алудан көптің күдері үзіледі. Себебі, бәрін баспамен қамтуға Үкіметтің шама-шарқы жетпейді. Сөйтіп үйін күтіп жүрген 646 мың тұрғынның 232 мыңын кезектен шығарып тастаған.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ

Олардың меншігінде баспана болмауы керек. Бүгінгі таңда, қолданыстағы заңға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй болмау қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға ұзарту көзделген.

Тұрғындар кезекке қатысты әділетсіздікті бұған дейін талай айтқан. Баспанаға нағыз мұқтаждар емес, 2-3 үйі бар тұрғындардың қолы бірінші жетеді. Мұны Үкіметтегілердің өзі мойындайды. Заңға өзгеріс енгізбек. Енді бұрын үйлі болғандарға қайта мүмкіндік берілмейді. Үміткерлердің соңғы 10 жылда ешқандай жайы болмауы тиіс. Бұдан кейін кезекті әкімдік емес, «Отбасы банк» бақылайды.

Ләззат ИБРАГИМОВА, "ОТБАСЫ БАНКІ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

Банктің 19 филиалы мен 21 халыққа қызмет көрсететін орталығы бар. Онлайн қызмет көрсететін интернет бөлімі де жұмыс істейді. Мыңнан аса консультант жауап береді. Жақында Қазпочтамен келісімге келдік. Ауыл-аймақтағы ағайындар сол жерге барып сұрақтарын қоя алады. Кезекке тұру үшін біздің филиалды іздеп уақыт өткізбейді. Бәрін қадағалаймыз.

Заң жобасы негізінде кейбір санаттағы азаматтарға бірнеше жеңілдік қарастырылған. Енді жұмыс барысында қаза тапқандардың отбасына бір жылдың ішінде баспана беріледі.