Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Елордада «Ел жүрегі – Астана» атты концерт өтті

11.12.2023ж. 20:00
461
Елордада «Ел жүрегі – Астана» атты концерт өтті

Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан астанасы ресми түрде Алматыдан Арқаға көшті. Осы мерейлі мерекеге орай елорадада «Ел жүрегі – Астана» атты концерт өтті. Шараға бас қаланың іргетасын қалаған, дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қатысты.

Алматыдан Сарыарқаға ауған халық өзгерістерге күмәнмен қарағаны рас. Алайда 25 жылдың ішінде қаланың инфрақұрылымы түбегейлі өзгерді. Білікті архитекторлар мен құрылысшылар Астананы сәні мен сәулеті келіскен алып шаһарға айналдырды. Іс-шараға келген қонақтар осы бір тарихы шешім қабылдаған кезеңді еске алып, бас қаланың әлі де өркендейтініне сенім білдірді.

Надежда ПЕТУХОВА, ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИЦИНА АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен біраз жылдан соң Астанамыздың адам айтса сенгісіз өзгергенін айтқым келеді. Алдымен, инфраструктураның дамығаны көрініп тұр. Ең бастысы, қазір астаналықтардың келбеті өзгерген. Адамдар ашық бола бастады, білімге ұмтылады. Олардың әрқайсысы елорданың одан әрі дамуына үлес қосуға ниетті.

Мерекелік шараға өнерпаздар қатысып, елорда тұрғындарының көңіл-күйін көтерді. Ән шырқалды, әртістер биден шашу шашты. Тұрғындарға викториналық сұрақтар қойылып, түрлі сыйлық табысталды. Мерекелік шараға жиналған қонақтар астананың ауысуы саяси, стратегиялық әрі тарихи қадам екенін айтты.

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

Көп жылдардан кейін, міне, осы тарихи сәтті ерекше ықыласпен атап өтіп жатырмыз. Сол кездегі атқарылған ерен еңбектің арқасында бүгін елордамыз еңселі мегаполиске айналды.

Ширек ғасырдың ішінде қала іскерлік, мәдени және спорт, тіпті, туристік орталыққа айналып үлгерді. Ақмола астана болған кезде мұнда 200 мыңнан аса адам тұрған. Қазір халықтың саны 1,5 миллионға жақындаған.