Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарға көшіп келген қандастар үйлерін заңдастыра алмай жүр

AstanaTV
21.04.2022ж. 20:00
1603
Павлодарға көшіп келген қандастар үйлерін заңдастыра алмай жүр

Павлодарда   өзге елден өз еліне  оралған 13 отбасы кері қайтпақшы.   Осыдан 5 жыл бұрын атажұртқа қоныс аударған  қандастарға әкімдік үй береміз –деп сендіріпті. Алайда,  кейін шенділер уәдесінен айнып қалса керек. Шенеуніктердің сөзіне иланған ағайын жалдамалы баспанаға күрделі жөндеу жасап, жанына қора-қопсы да салып алған. Енді далада қаламыз ба - деп уайымдайды.

Айбын Құрман – атажұртқа Қытайдан көшіп келген. Мемлекеттік  бағдарлама негізінде  оған  Ленин кентінен жалдамалы баспана беріліпті.  Ай сайын жалдау құнын  өзі төлейді.     5 жыл өтіп, енді  үйді жекешелендірмек болғанда   мәселе туындап отыр дейді.
 
Айбын ҚҰРМАН, ҚАНДАС:

Тегін дүниені пайдалана қояйық-деп келгеніміз жоқ. Бастапқыда анықтамасын қолымызға беруі керек еді. Мына үйдің бағасы осындай, 5 жылдан кейін мұндай болады. Отырғың келсе отыр, отырғың келмесе ауылға бар, қалаға бар, не істейсің өзін біл,деп айтса ғой. Ол кезде жағдай басқаша еді.

Әкімдік  өкілдерінің сөзіне сенген қандастар өз қаржыларына үйге күрделі жөндеу жүргізіп, қора-қопсы да салып алған. Өйткені, бұл баспаналар 4 жыл бойы қаңырап бос тұрыпты. Осыдан 9 жыл бұрын бой көтерген 60 үй  сапасыз салынғандықтан,  тұруға жарамсыз болып қалған. Ол кезде де әкімдік бұл үйлерді отанға оралған ағайындарға беріпті.  

Орал ӘЛИҰЛЫ, ҚАНДАС:

Үй қалады дегеннен кейін мен бар ақшамды осыған салдым. Отыратын үйім енді. 1,5 млн. теңге салдым. Осы үйіміз бар, үкімет берді, деп. Енді біз далада қалуға айналып отырмыз.

Ал әкімдік өкілдері  тегін үй беру заңда қарастырылмаған – дейді.  Үйді жекешелендіруге кімнің уәде  бергенін де білмейді.

Аманбек ҰНАТҰЛЫ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Бес жыл толған жағдайда жекешелендіретін болса, бірінші жарнасы 30 пайызын құятын болса, қалған 70 пайызы ешқандай процентсіз 10 жылда төлеп шығуға мүмкіндіктері бар. Яғни, тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, 10 санаттағы азаматтар осы үйді тегін алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ өкінішке қарай, қандастар бұл санатта көзделмеген.

Әкімдік бұл үйлерді қазір 5 млн. 856 мың теңгеге бағалап отыр. Алайда, жөндеуіне миллиондап қаржы құйған қандастар оны мұндай ақшаға сатып   алуға шамамыз келмейді дейді. Сондықтан, олар әкімдік  жөндеуге кеткен   қаржыны қайтарсын - деп талап қойып отыр  

Ө. Қуанар