$450.79 €482.21 ₽5.05
×

Құлсарыда 200-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды

AstanaTV
23.05.2024ж. 18:25
526
Құлсарыда 200-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды

Құлсары қаласында тұрғын үйге өтемақы төлеу және бағалау жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін комиссия 1500-ге жуық үйді бағалау қорытындысын дайындады, деп хабарлайды Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі штабы.

Қала бойынша 20 мобильді топ қарқынды жұмыс істеуде, мамандар әр үйді аралап, бүлінген мүліктің залалын анықтау және техникалық сараптама нәтижелерін түсіндіруде. Мобильді топтардың жұмысы күн сайын демалыссыз барлық жұмыс толық аяқталғанша жүргізіледі.

Бүгінгі таңда Құлсары қаласының 209 тұрғыны тұрғын үйді қалпына келтіруге қаражат алды, оның ішінде 47 отбасы тұрғын үй салу немесе сатып алу және 162 адам жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары үшін төлем алды.

Құлсары қаласының тұрғыны Гүлбаршын Қоңырбаеваның айтуынша, қауіпті деп танылған оның үйі енді сүрілмек. Ол ақшалай өтемақы төлеу туралы келісімге қол қойып, Құлсары қаласынан жаңа баспана алуды көздеп отыр.

⁃ Үйіміз апатты деп танылып, ақшалай өтемақы алу үшін құжаттарды жинап беріңдер деді. 19 мамырда барлық құжаттарды тапсырып, банктен есепшот аштық. Қазірдің өзінде 21 мамырда қаражат аударылды. Біздің баспанаға әділ баға берген жергілікті атқарушы органдарға үлкен алғысымды білдіремін, - деді Г.Қоңырбаева.

Тағы бір жергілікті тұрғын Мейрам Тілекбаевты бағалау парағында көрсетілген сомаға қанағат етіпті, қазір ақшалай өтемақы алу үшін құжат жинап жатыр.

⁃ Менің үйім қауіпті деп танылды, ол да бұзылып жатыр. Жақында олар маған баллдық парақ әкелді. Келтірілген шығын көлеміне көңілім толады, қолдау көрсеткені үшін әкімдікке алғыс айтамын, — деді Мейрам Тілекбаев.

Ал, Галина Қаражанова 20 мамыр күні әкімдікпен ақшалай өтемақы алу туралы келісімді ресімдеу үшін барлық құжаттарын жинаған. 21 мамырда оның шотына мүліктік залал үшін қаражат келіп түсті.

Құлсары қаласы тұрғындарының бүлінген мүлкін бағалау жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда,- деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.