$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Атыраулық аспаз жағалауды бекітіп жүргендерді тегін тамақтандырды

AstanaTV
28.05.2024ж. 08:18
1494
Атыраулық аспаз жағалауды бекітіп жүргендерді тегін тамақтандырды

Атыраулық аспаз жағалау бекіту жұмысына жұмылдырылғандарға өз қаражаты есебінен ас әзірлеп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желіде «Бас аспаз» атауымен танымал атыраулық Бағдат Қадыров облыстағы жаға бекіту жұмыстары кезінде өз өнерімен ерекше көзге түсті. Ол бөгет көтеру жұмыстары жүріп жатқан аймақтарға барып, азаматтарға түскі және кешкі ас дайындап отырды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, аспаз Атырау қаласындағы Еркінқала, Дамба, Чехов, Талғайран ықшам аудандары мен Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында аспаздық етті. Ал барлық қаражатты өз есебінен шығарып отырған.

Бағдат Қадыровтың аспаз болып жүргеніне 15 жылдан асқан. Қазіргі таңда ол фуд-блогерлікпен қоса, қаладағы мейрамханаларда бас аспаз болып еңбек етеді. Оның айтуынша, мұнда ол өз еркімен, қиын-қыстау шақта жұртпен бірге өз көмегін беруге келген.

Айта кетейік, Бағдат Қадыров 2023 жылы Анталияда өткен әлемдік аспаздар сайысында еліміздің намысын қорғап, 750 аспаздың ішінен топ жарып, жеңімпаз атанған.