$444.58 €510.29 ₽5.27
×

Түркістан облысында 17 жастағы оқушыны атып өлтірді: Сот үкім шығарды

Түркістан облысында 17 жастағы оқушыны атып өлтірді: Сот үкім шығарды

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 17 жастағы Төрехан Төреәліні атып өлтіргендерге сот үкімі шықты. Қылмысқа қатысы бар үш адам 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сотта олар бұған дейін де қарақшылық бойынша сотты болғаны белгілі болды. Осы қылмысқа қатысы бар тағы екі күдікті сотталды. Біріне 3 жыл, екіншісіне түпкілікті 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал алтыншы айыпталушы қылмысты ашуға жәрдемдескені үшін сот залынан босатылған. 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ:

Сотталушы Ш. ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 6,7-тармақтарымен кінәлі деп танылды, оған осы бап бойынша 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазасын өтеуі қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде белгіленген. Ш-ның әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды.

Еске салайық, бұл оқиға былтыр қараша айында Түлкібас ауданына қарасты Көктерек ауылында болды. Түнгі уақытта дәріханаға ағасымен бірге барған 17 жастағы бозбала кездейсоқ атылған оқтан қаза тапты. Бетперде киіп, қаруланған топ өзара алаңсыз әңгімелесіп тұрғандарға оқ атқан. Бірнеше рет атылған оқтан 4 адам жараланып, бір адам қаза тапқанын айтқанбыз. Ал осы қылмысқа қатысы бар болуы мүмкінкін тағы бір адам әлі ұсталмағаны айтылуда.