$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қызылжарда жол ақысы қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
17.02.2017ж. 20:00
2768
Қызылжарда жол ақысы қымбаттауы мүмкін

Қызылжарлықтар қоғамдық көліктің бағасы қызмет сапасына сай келмейтініне наразы. Соңғы рет жолақы екі жыл бұрын қымбаттап, 65 теңге болған. Жұрттың айтуынша, сол кезден бері автобустардың жағдайы еш өзгермеген. Ал жуырда тасымалдау компаниялары жолақыны тағы 15 теңгеге көтеруге өтініш берді.

Қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасының нашарлығы жыл сайын көтерілетін проблема. Айта-айта жауыр болған мәселе қайтадан қызу талқыға түсті. Таң сәріден жұмысқа ағылатын ересектер автобустардың суықтығына, отыратын орынның аздығына наразы.

Міне қысты күні ішіне кіргенде қатып қаласың. Интервалы, әрине,  4А-ның нашар. Өйткені өткенде 30 минут тұрдым аялдамада.

Қарт адамдармен жүргізушілердің дөрекі сөйлесетіндерін естимін. Мен өзім 20-дан барамын жұмысыма. Мен міндетті түрде тұрып барамын.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қаладағы қоғамдық көліктердің басым бөлігі Қытайда шығарылған. Олардың көбі 2007-2009 жылғылар. Демек, әбден ескірген деп айтуға болады. Ішкі жағдайы шын мәнінде сын көтермейді. Лас және салқын. Қазір далада ауа температурасы шамамен -15 болса, бұның іші әрі кетсе +5 қана.

Жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорынның жетекшісі, қазіргі тариф өте тиімсіз, дейді. Мәселен, қаладағы №28 бағыт тіпті жабылудың аз-ақ алдында тұр. «Партнер авто» серіктестігі 2002 жылдан бері жолаушы тасымалымен айналысып келеді. Компания көліктері шаһарда 8 бағыт бойынша қатынайды. Кәсіпорын басшысының пайымынша, 15 теңгеге көтерілетін жол ақы тек ішкі шығынды ақтап, автобусты күтуге ғана мүмкіндік береді.

Болат Рақымов, "Партнер авто" ЖШС директоры:


Қосалқы бөлшектер құны қымбаттады, жанармай бағасы да өсті. Коммуналдық қызметтердің бағасы бір орында тұрған жоқ. Баға 80 теңге болса да, толық шығынымызды ақтамайды. Әйтсе де, біраз жеңілдеу болады. Жүргізушілердің жалақысы мардымсыз. Жақсы мамандарымыз басқа салаларға кетіп жатыр.

Автокөлік одағы төрайымының пікірінше, тарифті көтеріп, шығынға батқан қоғамдық көлік бағыттарын жандандырған жөн. Ал заманға сай автобустар жүргізу мәселесі мүлдем қозғалып отырған жоқ. Олардың бағасы 70-100 мың АҚШ долларының аралығында. Мұндай көліктерді  әкелуге жергілікті кәсіпкерлер қауқарсыз.

Галина Семенова, «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:


Жуырда бізге бір отандық компания келіп өз автобустарын ұсынды. Құны 35 миллион теңге. Біз ондай соманы көтере алмаймыз. Ондай қаражатты несиеге де бермейді. Кейін ол ақшаның қайтуы екіталай.

Шенеуніктер де жол ақысын көтеруді қолдап отыр. Жанармай мен бөлшектердің қымбаттығын алға тартқан олар жолаушы тасымалдау компанияларының банкротқа ұшырамауына мүдделі.

Дулат Шарапиденов, Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісі:

Жолаушы тасымалдау компанияларының өтініші ұлттық кәсіпкерлер палатасына, көлік тасымалдау қауымдастықтарына жіберіледі. Кейін қоғамдық тыңдау өтіп қалалық мәслихатта қаралады. Әділет департаментіне жолданып, тіркеуден өтеді. Демек, тарифті тек әкімдік қана емес, осы аталған құзырлы мекемелер қарастырады. Бүкіл процесс шамамен 25 күнге созылады.

Тұрғындар, жағдай оңалу үшін жолаушылар тасымалымен әкімдік айналысуы тиіс, деп санайды. Сонда заманауи ұзын автобустар қалалық бюджеттің қаражатына сатып алынады. Нәтижесінде бұқара көптен күткен армандарына қол жеткізбек.

Абзал ҚҰРМАНКИН