Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Болашақтық» түлектер қаншалықты жұмыспен қамтылған?

AstanaTV
17.02.2017ж. 20:00
2900
«Болашақтық» түлектер қаншалықты жұмыспен қамтылған?

«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал олардың алған білімі елдегі технологияларға сай келмейді. Павлодарлық болашақ түлектерінің 10 пайызының қайда жүргені белгісіз. Лайықты жұмыс табылмағасын, өзге салаға кетті ме - оны да ешкім білмейді.

Ержан Досымжанов - 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға түскен түлектің бірі. Қазір Павлодар облыстық қылмыстық түзету жүйесінде қызмет етеді. Оқуға дейін бұл мекемеде қарапайым инспектор болған. Британдық университетті «Халықаралық құқық және қауіпсіздік» мамандығы бойынша бітіріп, елге келгенде лауызымы өскен. Әйтсе де, қиындықтар кездескенін жасырмайды.

Ержан Досымжанов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

Бар мәселе, шетелден Қазақстанға оралып, өзіңді қамтамасыз етуге келгенде, туындайды. Мысалы, қаражат табу мен жалақыға келгенде тығырыққа тірелдік. Білім алу барысында мемлекет стипендианттың бар шығынын көтереді. Алаңсыз білім аласың. Қайда тұрам, не жеймін, не киемін дегенге басың ауырмайды. Ал, бұл жаққа келгенде бәрін қайта бастауға тура келді.

Ержанның шәкіртақысы 1900 АҚШ долларын құраған. Демек, сол қаржыға өмір сүріп үйренген. Елге оралғанда жалақы аз болып көрінетіні сондықтан, - дейді ол.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодар облысынан 2015-2016 оқу жылында 45 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің әр түкпірінде  білім алған. Анықталғандай, оның 90 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Әзірге төртеуінің тағдыры белгісіз. Бұған басты себеп - шетелде оқып келген жас мамандарды мұндағы қызмет орны мен оның еңбекақысы қанағаттандырмаған.

Олар елге келгенде тап болатын тағы бір мәселе бар. Ол - қазақстандық жұмыс пен шетелде алған білім арасындағы алшақтық. Бұл ретте, жас мамандар үшін құрал-жабдықтық, технологиялық, тіпті әдістемелік айырмашылықтың өзі қиындық тудыратын көрінеді.

Төлеген Айтбаев, жастарға қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы:

Бір дәрігер жас түлек Қазақстанға келгенде ол Кореяда оқыған еді. Ал бізде ондай құрал-жабдықтар жоқ дейді. Келген бетте сондай мәселеге тап болды да, қалай жұмыс істерін білмеді. Қазір сатып алынып жатыр дейді. Болашақта бұл аппараттар бізге келгеннен кейін толықтай жұмысын, білімін көрсете алмақ.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» сайтының ақпарынша, 1993 жылдан бері «Болашақ» халықаралық стипендиясы 12 мың қазақстандыққа бұйырған. Олар 35 елдің үздік деген 170 жоғарғы оқу орнында білім алыпты. Көбі лайықты кәсіп тапқан. Ержан Досымжановтың пікірінше, жұмыс табуға келгенде мемлекетке жаутаңдаудың қажеті жоқ деп санайды. Басты қару - өз талпынысың мен ізденісің,-дейді. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ