$477.03 €521.44 ₽5.43
×

ШҚО-да ер адам Tik Tok-қа салған видеосы үшін 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

AstanaTV
23.06.2024ж. 22:22
229
ШҚО-да ер адам Tik Tok-қа салған видеосы үшін 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

Шығыс Қазақстан облысында полицей қызметкерін видеоға түсіріп, оны Tik Tok желісіне таратқан ер адам жазаға тартылды. Ол видеода қызметкерге негізсіз сөздер айтып, қорлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соттағы деректерге сай биыл көктемде, сағат 21:00 шамасында Өскемен қаласындағы Бажов және Белинский көшелерінің қиылысында сотталушы жол ережесін бұзған. Кейін өзін тоқтатқан полиция қызметкерін қарсы сөздер айтып, оны видеоға түсіре бастаған.

Ол полиция қызметкерін қорлаған бейнежазбаны Tik Tok желісіне таратып, біраз қаралым жинаған. Алайда кейін сотқа келерде тұрғын салған видеосын өз еркімен өшіріп тастаған.

Нәтижесінде Өскемен қаласының № 2 соты тұрғынға қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігі (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілін қорлау) бойынша кінәлі деп таныды. 

"Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігінде мұндай заң бұзушылыққа айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалады. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар шын жүректен өкіну және кінәсін мойындау. Сот 80 сағатқа қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады",-деп хабарлады Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметі