$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алулар арқылы көмектесуге болады - Н. Әлтаев

AstanaTV
28.04.2017ж. 20:00
2843
Кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алулар арқылы көмектесуге болады - Н. Әлтаев

Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнестің бәсекеге қабілеттілігі артса, біздің ұтарымыз көп. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан кеңейтілген жиында айтылды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заңнамалық тұрғыда жұмыстар жүріп жатқанын, бірақ әлі де атқаратын іс көп екенін жеткізді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Депутаттық корпус пен «Атамекен» палатасы қылмыстық заңнаманы әсіресе экономикалық қылмысты жұмсарту бағытында жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысы тікелей тапсырма берген. Бұл жаңалық емес. Экономикасы дамыған мемлекеттерде аталған тәжірибе кеңінен қолданылып келеді. Орын алған қылмыстың көлемінен бірнеше есе асатын айыппұлдар салынады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді, әрі іске асатын жүйе. 

"Атамекен"  палатасы кәсіпкерлікті дамытып, өңірлерде іс бастағысы келетін азаматтарды  оқыту мақсатында 80 ауданда «Бизнес бастау» жобасын қолға алды.  Көрсеткіш көңіл көншітерлік болғанымен, нәтиже аздау. Мысалы, 2015 жылы «Бизнес - Кеңесші» жобасына қатысушылардың тек  8-11 пайызы ғана кәсіпкерлікке бет алса, 35 пайызы тәуекелге бармаған. Мұның себебі де жоқ емес.

Эльдар Жұмағазиев, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Бірінші - жеңілдетілген несиелердің ауыл тұрғындары үшін қолжетімсіздігі. Екінші, кәсіпкерлік туралы ақпараттың мемлекеттік тілде және түсінікті түрде жетпеуі, сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеуі. Кепілдік қорының болмауы. Төртінші, ұзақ мерзімді қолжетімді бизнестің негіздеріне үйрететін бағдарламаның болмауы. Бесінші - әкімшілік кедергілер.

2016 жылы мемлекеттік сатып алуға 8,3 трлн теңге жұмсалған. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болса да,  мемлекеттік реттеу арқылы өз тауарларымызды тұтынуға негіздеуді қарастырған жөн. Толықтай импорттың орнын толтыру мүмкін емес. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу барысын бір жүйеге келтірер уақыт келді,- дейді қатысушылар.