$499.51 €525.83 ₽4.62
×

"Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береді", - Президент

27.11.2024ж. 20:00
69
"Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береді", - Президент

Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береді. Ресей делегациясымен шағын құрамда келіссөз жүргізу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қос тарап 20 құжатқа қол қойды. Барлығы да көршілес елдердің достық қарым-қатынасын күшейтуге, стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған. Ал қадірлі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевты жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесу мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысуға шақырды. 

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Владимир Путинді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елорда әуежайынан ыстық ықыласпен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, бүлдіршіндер екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Владимир Путин бастаған делегацияға ілтипат білдіріп, өлең оқыды. Бұл екі елдің шынайы достығын айғақтайтын көрініс.

Ал кәсіби суретші Әсель Сабыржанқызы Ресей Президенті Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Қылқалам шебері мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды. Картина сапар соңында мәртебелі мейманға сыйға тартылады. Бұдан соң қос ел Президенттері «Ақорда» резиденциясына беттеді. Онда Құрмет қарауылы сап түзеп қарсы алды. Екі ел басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелері таныстырған соң, қарауыл бастығы Мемлекет басшысы мен мәртебелі мейманға баяндама жасады. Артынша екі елдің әнұраны шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін қос ел басшылары келіссөз залына барды. Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыздағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім.

Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Бүгінгі сапар соның айқын дәлелі. Себебі, кездесу аясында 20 келісімнен тұратын құжат қабылданбақ. Бұл тату көршілік пен тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді. Көрші ел Президенті екіжақты байланыстарды жоғары бағалады.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз.

Екі ел басшылары арадағы сауда айналымын да назардан тыс қалдырмады. Бүгінде бұл көрсеткіш 30 миллиард долларға жуықтады. Елімізге құйылған инвестиция 13 млрд долларға жетті. Білім, ғылым, мәдениет салалары да қарқынды дамып келеді.