$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Сенат депутаттарын сайлау кезінде ОСК сайтына хакерлік шабуыл жасалды

AstanaTV
29.06.2017ж. 20:00
2851
Сенат депутаттарын сайлау кезінде ОСК сайтына хакерлік шабуыл жасалды

Сенат депутаттарын сайлау кезінде Орталық сайлау комиссиясының сайтына хакерлік шабуыл жасалды. Бұл жайында комиссия директоры Ерлан Қосмұратов мәлім етті. Ресми сайтқа 21-28 маусым аралығында қызығушылық өте жоғары болған. Осы уақытта сайт 300 мың рет қаралыпты.

Ерлан Қосмұратов, ҚР ОСК инженерлік-техникалық орталығының директоры:

28 маусым күні сағат 13.13-те ҚР ОСК интернет ресурсына кибершабуыл жасау және оның мәліметтерін базасына санкцияланған кіру үшін, әлсіз тұсын іздеу орын алғандығы белгілі болды. Аталған теріс іс-әрекеттерді техникалық қызметтің инженерлері бірден бұғаттап тастады.

Сайлаудың қорытындылары белгілі. Көп дауыс жинаған облыс әкімдерінің орынбасарлары. Олар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысының кандидаттары. Орал қаласының әкімі де көп дауыс жинағандардың қатарында. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы облыс әкімі Ерік Сұлтанов та мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған. Арасында сенаторлар да бар. Ол Қызылорда облысынан сайланған Мұрат Бақтиярұлы, Алматы облысынан Нұрлан Қылышбаев, Қостанайдан Жеңіс Нұрғалиев, Маңғыстаудан Бақтыбай Шелпеков. Алматы мен Астанадан сайланғандарды есептегенде, барлық кандидат 70 пайыздан кем дауыс жинамаған.

Сайланған депутаттардың 7-ін мәслихаттар ұсынса, 9-ы өзін-өзі ұсынған. Депутаттыққа үміткерлердің орташа жасы - 56. Сенат депутаттарын сайлау барысында 518 халықаралық және отандық байқаушы, 244 қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілі қатысты. Айта кетейік, сайлауды өткізуге мемлекет бюджетінен 92 млн теңге бөлінді.