Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қызылжарда жылу есептеу құрылғыларын орнатпаған үйлерге жылу берілмеуі мүмкін

AstanaTV
15.09.2017ж. 20:00
2112
Қызылжарда жылу есептеу құрылғыларын орнатпаған үйлерге жылу берілмеуі мүмкін

Қызылжарда жылу есептеу құрылғыларын орнатпаған тұрғын үйлерге қысты күні жылу берілмеуі мүмкін. "Севказэнерго" компаниясы көштен қалып қойған көпқабатты баспаналарға осындай хабарландыру жолдаған. Бұған көптеген тұрғындар алаңдаушылық танытып отыр. Әкімдіктегілер болса, құрылғы барлық үйлерде қойылуы тиіс, дейді. Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жылу есептеу құрылғыларын орнату бағдарламасын қызылжарлықтардың барлығы бірдей қолдамай отыр. Науқанның іске қосылғанына 3 жыл өткенімен, бүгінде тың жүйеге петропавлдық тұрғын үйлердің жартысы ғана көнген. Жаңа бағдарламаға лайық деп белгіленген 500-ге жуық үйдің тек 260-сында ғана есептеу құрылғысы бар.

Көбі тың жобаны тиімсіз деп санайды. Себебі, құрылғы орнатылған соң, баспана бірден азынап кетеді, дейді . Еңбек көшесі 47-үйдің тұрғындары осындай техниканы он жыл бұрын қосып, аузы күйген. Жаңа құрылғының бағасы қазір 770 мың теңгені құрайды. Жұрт бұл жолы көшке қосылмай, қымбат тарифті таңдаған. Ал, ынта білдірмегендерді монополистер еріксіз қосқысы келетін көрінеді.

Зинаида Самойлеченко, Петропавл қаласының тұрғыны:

Олар алдымен қағаз жүзінде хабарландыру таратты. Ал бүгін энергетикалық компанияның өкілі келіп, есептеуіш құралын біздің рұқсатымызсыз орнатқысы келді. Өзімен бірге тәртіп сақшыларын ала келген. Қымбат тариф бойынша төлейміз десек, көнбейді. Бәрібір құрылғыны орнатамын деп қоқандады.

Энергетиктердің әрекетіне біз де куә болдық. Алайда, түсіру тобын көрген компания өкілі түсінік беруден ат тонын ала қашты.

Монополисттердің құйтырқы әрекеті жөнінде ақпарат алу үшін оларға ресми хат жолдадық. Әзірге жауап жоқ. Жергілікті билік өкілдері  бұл әрекеттен хабарсыз көрінеді. Алайда, есептеуіш құрылғыларын тұрғындардың барлығы бірдей орнатуы тиіс екенін олар да айтып отыр.

Даулет Қалиасқаров, Петропавл қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясының басшысы:

Есептеуіш құрылғысы құнын бөліп төлеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама бар. Тұрғындар оған қатыспаса, өздері сатып алады. Бірақ, бәрібір орнатуы керек. Оның белгіленген мерзімі жоқ. Құрылғыны орнатпаған үйлер жылу тарифін 90 теңгеден емес, биыл 129 теңгеден төлейді.

Тәжірибелі заңгер Владимир Борман жұрттың рұқсатынсыз есептеуіш құрылғысын күштеп орнатуға энергетиктердің құқығы жоқ дейді. Сондықтан тұрғындар азаматтық позициясын сот арқылы қорғауы мүмкін.

Владимир Борман, заңгер:

Монополистердің мұндай әрекеті таңқаларлық деп айтуға болады. Тұрғындарға бір-ақ кеңесім бар, не билік өкілдері арқылы, не сот арқылы тұрғындар өз құқығын қорғап, монополистердің теріс әрекетін әшкере қылуы керек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жалпы, қазір жылыту маусымына әзірлік деңгейі де көңіл көншітерлік емес. Қаладағы 1060 тұрғын үйдің тек бестен бірінде ғана дайын. Өзгелерінде дайындық паспорты жоқ. Шенеуніктер бұған бұқараның бейқамдығы себеп дейді. Жоспарға сәйкес, жылыту маусымы қазан айында басталуы тиіс.

А.ҚҰРМАНКИН