$518.34 €591.06 ₽6.27
×

Қарағанды облысында дрондар ауылдарға сәлемдеме жеткізеді

AstanaTV
15.09.2017ж. 20:00
3252
Қарағанды облысында дрондар ауылдарға сәлемдеме жеткізеді

Қарағанды облысындағы шалғай ауылдарда тұратын ағайын, газет-журналдар мен жеңіл-желпі сәлемдемелерді дрондар арқылы ала алады. Бүгін аймақта жаңа жоба таныстырылды. Басылымдар оқырман қолына бұрынғыдан 3-4 есе жылдам жеткізіледі. Оған қоса пошташылардың уақыты үнемделмек. Шығын да азаятын болды. Дронның мүмкіндіктерін тілшіміз Айжан Қуаш көріп қайтты.

Мына қондырғы Саран қаласынан Дубовка ауылына қарай беттеді. Шамамен 7 шақырым қашықтыққа 10 минутта жетіп барды. Жерге жақындап барып, жүгін тастап, кері қайтарда біраз кідірді. Мамандар, "оған күшті жел кедергі жасады",-деп түсіндірді.

Алексей Ким, ЖШС бас директоры:

Егер желдің жылдамдығы 10-12 метр секундтан асса немесе қатты нөсер жаңбыр құйып кетсе, қозғалысы баяулайды. Қатты боранда да солай. Ал, баяу жаңбыр мен 20-25 градус аяздан қорықпайды. Дронға арнайы қондырғы орнатылған. Егер жолда жоғалып кетсе, оны қадағалаушы операторға белгі беріледі. Сол арқылы тауып аламыз.

Дрон 100 шақырым қашықтыққа ұша алады. Бұл аралықты 1 жарым сағатта бағындырады. Бірақ биік таулардан аса алмайды. Ал, Сарыарқаның жазығында кездесетін 500 метрлік төбелер оған кедергі емес. Цифрлық техника жолы нашар, шағын және шалғайдағы ауылдарға сәлемдеме тасуға қолайлы. 

Айжан Қуаш, тілші:

Бұл дрондар газет-журналдармен бірге салмағы 2 келі сәлемдемені тез арада жеткізе алады. Мысалы, көлікпен 4 сағат жүретін жерге, олар небәрі 40 минутта бара алады. Бұл пошташылардың да уақытын үнемдеуге септігін тигізеді.

Он шақты дронды аймақ атқамінерлері алматылық компаниядан жалға алып отыр. Құрылғы қызметіне толықтай сол серіктестік жауапты. Бірақ, одан тариф қымбаттамайды,-дейді.

Сәкен Сәрсенов,  «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

Ең басты мақсат - ақша үнемдеу. Мысалы, біз 2-3 кг газет жіберу үшін, кей машинаны бір күнге жіберетінбіз. Мысалы, кейбір ауылдар бар 200 км жолмен, таумен жүретін, былай тура ұшса, 40-50 км бір сағаттың ішінде  жетеді де, қайтіп келеді. Машинамен салыстырған 4 есе арзан болып шығады. Км шамамен 90-95 теңге ғой.

Болашақта «Қазпоштаның» Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы филаилдары 200-ден астам дрон қызметін пайдаланбақшы. Діттеген жерге құстай ұшып баратын техниканың біреуінің құны 4 млн теңге, - деді жоба авторлары.

Жалпы дрондар Қазақстанда бұған дейін де қолданылған. Соңғы 7 жылда картография және геодезия саласында пайдаланылған. Ал, Еуропада әскери шабуылдар жасап, аулаларға пицца тасымалдайды. Жапонияда автотұрақтарды күзетеді. Сондай-ақ, операторына хабарласса, жүрек талмасы ұстаған адамға дәрі жеткізетін дрондар да шығарылған. Ғылымның бұл жетістігін келешекте Қазақстан медицина саласында іске қосуды жоспарлап отыр.

Айжан ҚУАШ