Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы жылу беру маусымы енді аяқталса да, келер жылдың дайындығын пысықтады. Жылда жырға айналған энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға биыл 600 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Енді жөндеу жұмыстары кешіктірілсе, оған әкімдер жеке жауап береді. Үкімет басшысы тағы қандай тапсырма жүктеді? Толығырақ алдағы сюжетте.
Үкімет көктем аяқталмай жатып, қыстың қамына кірісті. Себебі, әбден тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылым жыл сайын жырға айналады. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, елдегі 5 жылу орталығы қызыл аймақта тұр.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Әр нысан бойынша әкімдіктермен бірлесіп нақты жоспарлар бекітілді. Біздің қадағалау комитеті апта сайын жөндеу жұмыстарының барысын, кестеге сәйкестігін тексеріп отырады. Сонымен қатар қаржыландыру мәселесі де шешілді,осы бес нысан бойынша қаржыландыру 40%-ға артты.
Жөндеу жұмыстарына қазынадан 600 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Оны жылу және электр желілерін жаңартуға жұмсайды. Үкімет басшысы Алматыдағы жылу электр орталығына қатысты шүйлікті. Жеке жауапкершілік жүктеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Маған түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-3 бойынша мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Бұны ұмытпаған шығарсыз?! Барлығы уақытында аяқталуы тиіс. Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз.
Станциялардың салынғанына 30-40 жылдан асқан. Сондықтан күрделі жөндеуді талап етеді.
ҚАЙРАТ МАҚСҰТОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
«Самұрық-Энерго» станциялары 30–40 жыл бұрын іске қосылған, сондықтан негізгі жабдықтардың тозу деңгейі жоғары. Соған қарамастан, жөндеу жұмыстарын толық қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз. Жөндеу көлемі жыл сайын артып келеді, олардың сапасына ерекше назар аударылады.
Әкімдерге де ескерту жасалды. Жылу маусымына дайындық дұрыс жүргізілмесе, жеке-жеке жауап береді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өңір әкімдіктері екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына кірісуі тиіс. Мұнда артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамту нысандарын жөндеу тамыз айының соңынан кешікпей аяқталуы қажет.
Мектептер мен медициналық мекемелер 1 қыркүйекке дейін, ал инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қазанға дейін жылу беруге толық дайын болуы керек. Премьер-министр әкімдерге нысандарды жеке бақылауға алып, жұмыстардың уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды.