$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында көпқабатты үй тұрғындары жерасты суынан зардап шегуде

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында көпқабатты үй тұрғындары жерасты суынан зардап шегуде

Түркістан облысындағы Жетісай қаласында көпқабатты үйлердің тозығы жетіп тұр. Ал жертөлелерінде жерасты суы көлкиді де тұрады.  Салдарынан баспананың іргетасы шөгіп, қабырғалары қақырай бастаған. Тұрғындар өздігінше әрекет етіп, суды сорғызғанымен еш нәтиже жоқтығын айтады. Аудан орталығында осындай 130-дан аса нысан бар.

Үйдің сиқы-осы. Қала аумағындағы дренаждар отыз жылдан бері жөндеу көрмегендіктен істен шыққан. Сол себепті жаңбыр жауса болды жерасты суы көтеріліп, қос қабатты үйлердің жертөлесі суға толады. Ал көлкіген су жылдар бойы жерге сіңбейді дейді халық. Кейбір үйдің астындағы судың тереңдігі тіпті 2,5 метрге дейін жететін көрінеді. 

НҰРБЕК АБДУЛЛАЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төрт жыл болды көшіп келгеніме, төрт жылдан бері осы. Өзіміз қалтамыздан тартқызамыз. Әр моторды алғызғанға 5 мың теңге 1 күнге. Тартылады, үш күн-төрт күннен кейін қайта толады. Бір подьезд тартылғанымен, көп қой үйлер жан-жағымызда, ананың суы мынаған өте береді фильтрация болып.

Қос қабатты тұрғын үйдің әрбірінде 8 пәтерден бар. Байырғы тұрғындардың бірі Асқар Абуевтың айтуынша, қазір бұл баспаналар апатты жағдайға жеткен. Себебі жылдар бойы тұрған судан үйлердің қабырғалары жарылып, іргетасы үгітіле бастапты. 

АСҚАР АБУЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шамамен бір 30-50 сантиметрге шөкті фундаменттер. Соның кесірінен полдар  көтеріліп, қабырғалар түсіп, қайта-қайта жөндейміз. Қайта-қайта түседі.

Тұрғындар мәселені айтып әкімдіктің табалдырығын талай тоздырдық дейді.  Халық қалаулыларынан да көмек сұрапты.  Бірақ нәтижесіз. Қазір ескірген үйлердің шатырлары да тесіліп, жаңбыр жауса, төбеден пәтерге су сорғалайтынын айтады.

ҰМСЫНАЙ МЫРЗАЕВА, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Астындағы су көлдегені соншалықты астындағы тышқанымыз бар, тараканымыз бар, масамыз бар – бәрі  үйге кіріп жатыр. Оның ішінен жазда иіс шыққан кезде мына бірінші этажда отыру мүмкін емес. Кішкентай балаларды масалар талап тастайды.  

Қала әкімінің айтуынша, кемі жарты ғасыр бұрын салынған баспаналардың әбден тозығы жеткен. Сондықтан тұрғындар тарапынан шағым көп дейді.

НҰРЛЫБЕК БАХТИЯРОВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Уақыты келе жерге шөгіп жатыр. Немесе жерасты сыздан дуалдар үгітілген жерлер бар. Олардың барлығын біз актілеп, жарамсыз күйге енген жағдайда орнына басқа үй салып, соны жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ал дренаж мәселесі қаражатқа кеп тіреледі.  Қалада жеті дренаж   болса, соның үшеуі тозығы жетіп, істен шыққан. Оларды жөндеуге жоба жасалып жатыр дейді мамандар. Шаһардың ирригациялық жүйелері де ескірген.

НҰРДӘУЛЕТ ІКІМАТ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ТҮКШ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлық ирригациялық жүйелер мен дренаждарды қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттамалар әзірленуде. Құрылысына қаржы бөлініп, дренаждар іске қосылған соң бұл мәселе толықтай шешіледі.

Жауаптылар уәдені үйіп төкті. Ал тұрғындар мұндай жауапқа сенуден қалғанын айтады.