Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Апай, қарызға ақша бере тұрыңызшы?!». Бірнеше айлап жалақы алмайтын ғалымдар...

AstanaTV
03.02.2018ж. 20:00
3469
«Апай, қарызға ақша бере тұрыңызшы?!». Бірнеше айлап жалақы алмайтын ғалымдар...

Ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері жыл басталғасын бірнеше ай айлық ала алмай, қиналатындарын осыдан 15 жыл бұрын көргенмін. Профессорлар тозған пиджагын тап-таза ұстап, сыр бермей жүретін. Ал ғылыми атағы жоқ, баспанасыз жастар қатты қиналып кететін. Осы уақытқа дейін сол жағдай болғаны... Жыл басында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Атығаев өзінің Facebook парақшасында қызметтен кеткенін хабарлап,«институттан бұдан былай мұндағы жұмыстардың сапасына кепілдік бере алмайтындықтан кеттім. Қызметкерлер жыл басынан жалақы ала алмай отырғанда, сапа жайлы қандай әңгіме болуы мүмкін? Олар көбіне жұмысқа жететін ақша таба алмай қалады», -деп жазды. Министрліктің ғылым комитетін басқаратын Болатбек Әбдірәсіловтен Алматыда іссапарда жүрген жерінде біздің тілшіміз Ришат Асқарбекұлы сұраған. Енді бұрынғыдай болмайды, депті. Бұрынғы жағдайдың ғылымға, ғалымға қаншама кесапаты тигенін кім есептейді? Ал негізі, ғылымды қаржыландыруға жалпы ішкі өнімнің 0,15 пайыздайын, 40 млрд теңгеге жетпейтін қаржы жұмсайтын елміз... 

Қазақстандағы ғылыми институттардың ғалымдары қаржыдан тарыққандарын ашық айта бастады. Олар осы күнге дейін ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатты айлап күтуге төзіп келген. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Атығаев өзінің «Facebook» парақшасында мынадай жазба қалдырған.

Нұрлан Атығаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

Менің Тарих және этнология институты директорының орынбасары қызметінен өз еркіммен кетуімнің бір себебі - институттағы ғылыми еңбектердің сапасына әрі қарай кепіл бере алмайтындықтан. Сапа туралы қалай айтуға болады, қызметкерлердің көбісі жыл басынан бері жалақы алмаған болса?  Бізде тіпті жұмысқа дейін жететін ақша болмай қалатын кез аз емес. Мемлекет Басшысының тапсырмалары аясында іске асуы керек екі жобаға үміт артып отырған едік. Олар бойынша жұмыс шілде айында басталған. Қазан айының соңында, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті бекіткен Жол картасы бойынша барлық шаралар, ел ішіндегі және шетелдік іссапарлар аяқталуы керек етін. Алайда қараша айы туып қойды, жобаларға сәйкес келісімдер жасалған да жоқ.

Әлеуметтік желідегі ғалымның жазбасы оқымыстылар арасында сілкініс тудырды. Себебі бұл проблема гранттық және мақсатты-бағдарламалық жобаларға қаражат күтіп отыратын ғалымдарға ортақ мәселе. Белгілі бір ғылыми жобаны зертеуге қаржы ұтып алғанымен, оны сарғайып күтіп отыру - мамандар үшін қорлық. Іштей наразылық болғанымен, сыртқа шығаруға көбі жүрексінеді. 

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Міне осы инситутта істеп жатқаныма 30 жыл болды. Соның соңғы 20 жылында қаңтарда алатын жалақымызды сәуірде, 1-майға қарсы аламыз. Ол не десем, біздің бюджетті министрлік осы ақпан айында бекітеді екен де, ол бізге жеткенше күтіп отарамыз. Нұрлан шындықты айтып отыр. Осы жерде жас ғалымдар бар. Анау Шамалғаннан келеді. Фанатиктер. Жолдарына ақша таппайды. Апай 10 мың, 20 мың беріңізші деп сұрап жүреді.

Тарихшы Нұрлан Атығаевтың өзімен телефон арқылы сөйлестік. Арнайы сұхбат беруге уақыты жоқтығын айтты. Телефон арқылы айтқаны - мемлекет ғылымды коммерцияландыруға тырысып жатыр. Арнайы заң да қабылданды. Яғни математика, химия сияқты салаларды коммерцияландырумен бірге ұлттық тіл, тарих және мәдениетті де шетелдіктердің зерттеуіне жол ашылған.  Бұл гуманитарлық ғылымға жасалған қастандық, деп есептейді ғалым.

Нұрлан Атығаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

Қазақ хандығы тарихын, қазақ тілі мәселесін зерттеуді шетелдік ғалымдарға беру не деген ақымақтық. Олар түсінбейді ғой. Францияда, Англияда отырып. Түсінемін математика, биология туралы айтсын. Ол ортақ ғылым. Ал тіліміз, тарихымызды зерттеуде өз мамандарымыздан артық ешкім жоқ. Соны шетелдік сарапшыларға беріп отыр.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарихты зерттеу инситутының бұрынғы және қазіргі басшыларының да пікірін білдік. Инситутты ұзақ жыл басқарып, қазір зейнеттік демалыста жүрген Хангелді Әбжанов жағдайдың шындығында күрделі екені айтады. Министрлік қазақ тарихын зерттеуге қаржыны ешқашан мандытпағанын мойындауға мәжбүрмін, дейді ол.

Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Нұрлан Атығаевтың айтқаны, бұрнағы жылдар орын алған кемшіліктер. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Ол болған оқиға, ал алда осыдан қорытынды шығып жатса, ғылымға ақша келіп жатса, құба құп борлар еді.

Атығаевты әріптестері жүйеде қалыптасқан проблеманы ашық айтқаны үшін жұмыстан мәжбүрлі түрде кетті деп біледі. Айгүл Ісмақова жаңа басшылық оның өз жобаларын аяқтауына да жол бермеген, дейді. Қазір ғылыми зерттеу инситутын тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов басқарады. Оның айтуынша, әріптесінен жұмыста қалуын бірнеше рет өтінген. Бірақ Атығаев өз еркімен орнын босатқан көрінеді. 

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

Мен оған жұмысыңды жалғастыр, қал дедім. Енді Нұрлан Атығаевтың ғылым жөнінде айтқаны, осы салада қалыптасқан проблемалар бар. Бір күнде ол шешілмейді. Оның үш-төрт жыл бұрын газеттерде осы мәселені ол көтеріп жүр. Бүгінге дейін айтып келеді. Сондықтан ол проблемалар бар.

Нұрлан Атығаев,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

Институт жағдайын айтсам, 70 жылдық тарихы бар инситут қараусыз қалды. Мысалы биыл 6-ақ жоба грантқа өткен. Ал Шығыстану инситутына зерттеулерге үш жылға 50 млн. теңге бөлініпті. Елу адам жұмыс істейтін мекемеге 3 жылға 50 млн. теңге ғана бөлініпті. Не деген масқаралық?! Осы бүкіл ғылымның жағдайы.

Иә, осы бейсенбіде ғылыми жобаларға арналған кезекті конкурстардың нәтижесі де белгілі болған. Оны ғылым комитеті Астанада арнайы баспасөз мәслихатында жария етті.

Биыл үміткерлерден 5 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 1 мыңы ғана мақұлданған. Оларға жалпы соммасы 9,5 млрд теңге бөлініп отыр. Ал біз бүгін әңгіме етіп отырған бағдарламалық нысаналы қаржыландыруға бас-аяғы 300  еңбек түсіп, оның 78-і өткен. Олар 8 млрд теңгені игеруі керек.

Ғалымдар осы іріктелген жобалар ішінде гуманитарлық бағыттағы зерттеулерге бөлінетін гранттардың тым аздығына тағы налып отыр. Әдебиет пен өнер, тарих және тіл білімін зерттейтін инситуттардың жобалары сараптамадан өтпей қалған, дейді мамандар.

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор:  

Мемлекет осы үш мекемеге осындай салғырттықпен қарамаса екен. Біз бір қайыр сұрап отырған жоқпыз. Бізге қайыршы сияқты қарамай, керісінше мемлекеттік үлкен идеологиялық орталық- осы үш қара шаңырақ деп, басқаша қарауды талап етіп келеміз. Қаншама жыл. Бірақ оны естіп жатқан құлақ жоқ.

Жыл сайынғы ғылыми жобаларды сұрыптау жасырын дауыс беру арқылы анықталады.  Ғылым комитетінің басшысы мамандар әр жұмысты жіті саралап, әділ бағасын береді, деп отыр. Ал біздің материалдың өзегі болған - жеңімпаздарға бөлінетін гранттық немесе бағдарламалық төлемдер биыл кешіктірілмеуі керек. Оған байланысты жаңа ереже қабылданған.

Болат Әбдірәсілов, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы:

Біз мына ғылыми жобаларды үш жылдыққа ауыстырдық. Ол деген, қазір мына бізде конкурстар өтті. Енді келесі этапта, біз барлық осы гранттар мен бағдарламаларды ұтып алған ұйымдар мен ғалымдармен келісім-шартқа отырамыз. Сол келісім-шарт үш жылға жарайтын болады. Сол жыл сайын емес, сол бір келісім-шартпен уақытылы, үш жылдық бюджетпен ғалымдар уақытында қаржы алады. Ары кетсе олар ақпан айында өз қаржылары алады.

Сонымен, ғылыми зерттеу инситуттарына қаржы бөлу үш бағытта жүретініне көз жеткіздік.  Базалық, мақсаттық-бағдарламалық және гранттық қаржыландырулар. Базалық қаржыландыру жыл басында кешікпей беріледі. Себебі түсінікті. Мекемелердің  шаруашылық жұмыстары, әкімшіліктің жалақысы осы ақшаға тәуелді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ал соңғы екеуін яғни бағдарламалар мен гранттарды игеруге қажетті ақшаны сарыла күтіп, қол қусырып отыру ғалымдар үшін қорлықпен тең.  Қаражатты алу кейде жаз ортасына дейін, тіпті сары күзге дейін созбаққа салынатыны жасырын емес, дейді мамандар. Ал Нұрлан Атығаев, Айгүл Ісмақова сияқты санаулы ғалымдар осылай үн қатуға мәжбүр болды. Мұны Үкімет дәліздеріндегі бюрократияға қарсы зерттеушілердің жанайқайы деп қабылдау керек сияқты.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».