Ақмола облысында 8 және 12 жастағы әпкелі-сіңлілі екі қыз суға кетті. Қайғылы жағдай Целиноград ауданына қарасты Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы табиғат аясында демалып, сол жерде түнеуді жоспарлаған. Таңертең суға шомылғаннан кейін екі қыз киімдерін ауыстыру үшін жағалауда тұрған автокөлікке отырған. Осы сәтте көлік күтпеген жерден өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, су қоймасына құлаған көрінеді. Қыздардың әкесі бірден көмекке ұмтылып, көліктің есігін ашуға және терезесін сындыруға тырысыпты. Алайда автокөлік суға толық батып кеткендіктен, екі баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТЖД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Хабар түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен техникасы жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде ол жерде полиция қызметкерлері болған. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде мамандар көлікті судан алып шықты. Оның салонынан екі баланың денесі табылды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.