$477.11 €545.58 ₽6.2
×

Трамп: «Ирандық екіжүзді есуастарға не жетпейді екен?»

Трамп: «Ирандық екіжүзді есуастарға не жетпейді екен?»

Жалпы, маусым айынан бері беті қайтпай тұрған ауа райынан Кәрі құрлықта қайтыс болған жандардың саны 10 мыңнан асып отыр.

Испанияда орман өртінен 12 адам қаза тапты. Тау қыраттарындағы тілсіз жауды ауыздықтауға жергілікті төтеншеліктердің күштері жетпей тұр. Ал, Таиландта түнгі клубта болған өрттен 27 адам қаза тапты. АҚШ пен Иран арасындағы соғыс барған сайын қарқын алып келеді. Иран осы жолы баллистикалық зымырандарды іске қосты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Испанияның оңтүстігі өртке оранды. 12 адам жергілікті биліктің эвакуация бағыты туралы нұсқауын елемей, тура өрт апанына барып, көз жұмды. Лос-Гальярдос провинциясындағы тілсіз жау өмірін жалмаған адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, 23 адам іс-түссіз жоғалып кетті. Өрттің себебі, аптап ыстық, - деп жергілікті билік қазірден айтып жатыр.

ХУАНМА МОРЕНО, ЛОС-ГАЛЬЯРДОС ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Желдің жылдамдығы сонша өрт ошағы кенеттен бағытын өзгертіп отыр. Кей кезде ешқайда қашпай үйде қалған да дұрыс. Біз уақыты ескерту жолдап жатырмыз. Осы кезге дейін қаза тапқан жандар шетелдік туристер екені анықталды.

Ал, Таиландтағы өрт 27 адамның өмірін жалмады. Бірақ, тілсіз жау табиғаттың тосын мінезіне байланысты емес. Қайғылы жағдай ел астанасы Бангкоктағы түнгі клубта болған. Алдын ала мәлімет бойынша, концерт барысында сахна маңында әп-сәтте өрт басталып кетті. Қаза тапқан жандар эвакуациялық есікке беттеген. Алайда, ол жабық болған соң, шыға алмай қалды. Кейбір адамдардың денесі әжетханалардан табылды.

АНУТИН ЧАРНВИРАКУЛ, ТАИЛАНД ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Маған жеткен ақпарат бойынша бұл клубтың тек мейрамхана ретінде лицензиясы болған. Сәйкесінше, өрт қауіпсіздігі ережелері дұрыс сақталмады деп қазірден айтуға болады. Одан бөлек, бұл клубтың иесі эвакуациялық есікті қонақтар ақы төлемейц қашып кетпесін деп жауып қойыпты. Сондықтан, қазір оған іздеу жарияланды. Ол – нағыз қылмыскер және жазадан құтыла алмайды.

Иран кезекті рет Ормуз бұғазындағы кемеге шабуыл жасады. Революция сақшылары корпусының мәліметінше, жүк тасымалдаушы кеме рұқсат етілген бағыттан ауытқып кеткен. Оның артынша, АҚШ флотын да атқылаған. Ормуз бұғазын күзетіп жүрген Америка әскері қарап қалмай, Иран жеріндегі бірнеше нысандарды дәл көздеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз кеше ғана келісім жасауға уағдаластық. Екі тарап үшін өте тиімді болар еді. Бастысы, ядролық қару атымен болмайтындай шарт жасастық. Бір сағат өте ирандықтар Ормуз бұғазындағы барлық кемелерге шабуыл жасады. Олардың зымырандары да, дрондары да қарапайым жүк тасымалдаушы кемелер болмаса, біздің әуе тасымалдағыштар мен эсминецтердің маңына да жолай алмайды. Бұл екіжүзді есуастарға не жетпейді екен? Босқа қырылып қалатынын білсе де, осындай әрекеттерге барады.

Айта кетейік, өткен аптада Трамп Ираннан көңілі қалғанын айтып, енді ешқандай келісім болмайтынын мәлімдеген еді.