$477.11 €545.58 ₽6.2
×

Алматыда 20 жастағы бойжеткен 10-шы қабаттан құлап кетті

AstanaTV
13.07.2026ж. 19:00
Алматыда 20 жастағы бойжеткен 10-шы қабаттан құлап кетті

Алматыда 20 жастағы қыз 10-шы қабаттан құлап кетті. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын полиция қазір  анықтап жатыр.

Куәгерлердің айтуынша,  түнде пәтер дәлізінен біртүрлі дыбыстар шыққан. Көршілер не болғанын білмекші болып шыққанында қыз жігітті итеріп қашып, 14-ші қабаттан 10-шы қабатқа лифт арқылы түсіп кетіпті. Сол сәтте жігіт қызды тоқтату үшін көмек сұрады дейді. 

АҚМАРАЛ, КӨРШІСІ:

Жігіт айтады «тәте көмектесіңіздерші, қызды ұстай алмай жатырмын» дейді. Келіп тұрсақ қыз уже былайынан тұр ғой. Ұстайтын борттан өтіп алған уже былай тұр. Біріншіден мас, екіншіден жалаңаяқ.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Бойжеткен 10-шы қабаттың дәл осы балконынан құлаған. Куәгерлердің айтуынша, жағдай  түнгі сағат 2 шамасында болған, қыз осы  жақтауға шығып біраз уақыт тұрған көрінеді.

Полиция мен жедел жәрдем жедел жеткен. Полицияның хабарлауынша, оқиға болған пәтерде бойжеткен тұрмайды. Сондай-ақ оның жанында болған жігіті әзірге күдікті ретінде танылған жоқ. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, куәгерлерден жауап алып жатыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалады қылмыстық кодекстің 105-ші бабы бойынша. Күдікті анықталып жатса осы іске итермелеген, онда міндетті түрде шара қолданылады. Әзірше күдікті жоқ. Сол танысының айтуынша, бір емес бірнеше рет өмірмен қоштасуға ниет білдірген екен қыз бала. Бұл мәлімет қазір жіті тексерілуде. Алдын-ала мәлімет бойынша ол масаң күйінде болған.

Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткен ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Оған көптеген жарақат пен травматикалық шок диагнозы қойылып, шұғыл операция жасалды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты дейді.

МАРАТ АЛИЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жүргізілген емнің нәтижесінде оң динамика байқалды. Өздігінен тыныс алуы қалпына келіп, интубациялық түтік алынды.  Пациенттің есі анық. Гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты. Ол әрі қарай мамандандырылған ем қабылдау үшін бейінді бөлімшеге ауыстырылды. 

Қыздың өміріне төнген қауіп сейілгенімен әлі де дәрігерлердің тұрақты бақылауында.