Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицей өз өмірін қатерге тігіп, кәріз құдығына түсіп кеткен екі жұмысшыны құтқарып қалды
Оқиға 20 тамызда сағат 14:30 шамасында Қасым Қайсенов кентінде болған. «Молодежный» КМК-нің екі қызметкері №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалап жатқан.
Жұмыс кезінде қызметкерлердің бірі құдыққа түсіп, есінен танып қалған. Әріптесін құтқармақ болған екінші жұмысшы да құдыққа түскен, алайда ол да есінен айырылған.
Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан аудандық криминалисі Асет Нағашбаев байқап, адамдардың көмек сұраған дауысын естіген. Ол дереу учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.
Көп ұзамай оқиға орнына полиция майоры Нұрдәулет Тетепов жеткен. Әр секундтың маңызды екенін түсінген полицей арқан алдырып, оны бекітіп, кәріз құдығына өзі түскен. Ол алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін сыртқа шығаруға көмектескен.
Құтқарылған екі азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Полицияның мәліметінше, Асет Нағашбаевтың қырағылығы мен Нұрдәулет Тетеповтің батыл әрекетінің арқасында екі жұмысшының өмірін сақтап қалу мүмкін болған.