$447.14 €500.35 ₽5.24

Қазақстандықтардың 71 пайызы денсаулық мәселесін жасанды интеллектіден сұрайды

AstanaTV
07.10.2026ж. 19:00
Қазақстандықтардың 71 пайызы денсаулық мәселесін жасанды интеллектіден сұрайды

Қазақстандықтардың 71 пайызы денсаулық мәселесінде жасанды интеллектіні пайдаланады. Бұл – зерттеуге қатысқан 20 елдің орташа көрсеткішінен 16 пайыздық тармаққа жоғары. Ал жасанды интеллект көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық бойынша Қазақстан бірінші орында.  

Жасанды интеллект қазақстандықтардың денсаулық туралы ақпарат іздеу тәсілін өзгертті. Зерттеуге сүйенсек, әрбір үшінші тұрғын оны диагнозын түсіну үшін қолданса, 24 пайызы дәрігерден кейін қосымша пікір алады екен. Ал тұрғындардың 69 пайызы медициналық ақпараттың көптігінен сенімді деректі ажырату қиын екенін айтқан.

НАТАЛЬЯ ГАРИПОВА, STADA ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жасанды интеллекттің қателесу ықтималдығы әлі де жоғары. Бұл сауалнамаға қатысқан 20 ел тұрғындарын алаңдататын негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан жасанды интеллект кеңінен қолданылғанымен, түпкілікті шешім қабылдауда адамдар дәрігердің кеңесіне жүгінеді. Көпшілігі диагнозды қайта тексеру, екінші пікір алу немесе дәрігер қабылдауына алдын ала дайындалып бару үшін ЖИ-ді пайдаланады. Ал ең жиі сұралатын тақырыптардың бірі тұмау мен суық тию белгілері.

Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың өз бетінше емделуге де бейім екенін көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 94 пайызы белгілі бір жағдайда өзін-өзі емдеуді құптайды. Алайда 15 пайызы оның жағымсыз салдарына тап болған.

БЛИЦ:

- Гуглдан іздеп оны немесе врачқа жазу сәл қиынырақ болған соң, доступный нәрсе болған соң джипити солай сұраймын енді. Қандай дәрілерді қолданғанды рекомендовать етесің деген сияқты.

- Басында көп тілдесетінмін, қазір көп емес. Себебі нақты нәрсе емес екенін түсіндім.

Технологияға қызығушылық артқанымен, халықтың басты сұранысы – дәрігерге қолжетімділік. Тұрғындардың 64 пайызы алғашқы медициналық көмекті жақсартуды қалайды. Ал 59 пайызы маман тапшылығы мен ұзақ кезекті негізгі мәселе деп атаған. Сонымен қатар зерттеу бойынша, денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану бір жылда 36 пайыздан 43 пайызға өскен.