$453.65 €509.99 ₽5.31

Атырауда мемлекет қорғауындағы тарихи ғимарат назардан тыс қалған

Атырауда мемлекет қорғауындағы тарихи ғимарат назардан тыс қалған

Атырауда мемлекет қорғауындағы тарихи нысан жермен-жексен  болғалы тұр. Іргетасы 19 ғасырда қаланған  ескі ғимаратта кезінде Кеңес депутаттары отырған. «Мемлекет қорғауына» алынған деген тақтайша тұрғанымен,  ашық-тесік , қараусыз қалғаны көрініп тұр.  Тарихи нысан неге назардан тыс қалды? Тілшіміз сұрап көрді. 

Ғасырдан асқан тарихы бар мына екі қабатты ғимаратта 1917 жылы  бірінші Кеңес депутаттары  келелі шешімдерді қабылдаған.  Бүгінде  қараусыз қалған нысан еріккендердің жиналатын орнына айналыпты.  Іші қоқысқа толы. Кезіндегі сәулетті нысанның құр қаңқасы ғана қалған, аңғал-саңғал боп, көшенің көркін алып тұр. Қала тұрғындары тұтас бір дәуірдің жадын сақтайтын мұндай құндылықты қараусыз қалдыру, тарихқа жасаған қиянатпен бірдей,- деп есептейді.

НҰРЛАН ЖОНАСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен көрген кезде терезелер ашық жатты. Бүгін тек  терезені бекітіп қойыпты.  19-ғасырда салынған ғимарат көп.  Бірақ барлығының жағдайы өте нашар.  Неге бұл бұларды жөндеп, қалпына келтірмеске?  Мысалы, мұражай ашып, туризмді дамытуға болады.  Мына ғимаратқа 100 жылдан асқан.

600 шаршы метр ғимарат  кірпіштен салынған.  2010 жылы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енгізіліпті.  Содан бері тарихи орынды қорғау қағаз жүзінде ғана қалғанға ұқсайды. Мәдени мұраны зерттеу орталығы мамандары ғимараттың жағдайын айтып, қалалық әкімдікке сан мәрте ұсыныс  жазғандарын айтады. 

ТОЛЫБАЙ ДОСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ- МӘДЕНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздер осы ғимараттың айналасын реставрация мәселесі шешілгенше  айналасын қоршап қоюға ұсыныс бердік.  Алдағы уақытта ғылыми жобалық құжаттама жасап,  реставрация жасауға  жыл сайын жоспарлап отырмыз.

Әкімдіктегілер болса, нысанның бұған дейін бірнеше рет кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілгенін айтады. Бірақ ғимаратты қалпына келтіру тым қымбатқа шығатындықтан, ешқайсысы  қол тигізбестен кері қайтарған.

ЕРКЕНАЗ ҚАЛИЖАН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі уақытта нысанның техникалық жағдайына қатысты мәселе өзекті. Әкімдік тарапынан тарихи ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету және оны заң талаптарына сәйкес күтіп-ұстау бойынша тиісті жұмыстар қарастырылуда.

Тұрғындар ескертуінен соң ашық-тесік жатқан терезені қалай-солай бекіте салған. Тарихи сәулет ескерткішін  болашақта қандай мақсатқа пайдаланатыны әзірге белгісіз. Қалалық әкімдік өкілі ғимаратқа қатысты ешқандай жоспармен бөліскен жоқ. Ал бұқара.