$447.14 €500.35 ₽5.24

Шығыс Қазақстанда «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Әділет керуені» акциясы басталды

Шығыс Қазақстанда «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Әділет керуені» акциясы басталды

Шығыс Қазақстанда «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Әділет керуені» акциясы басталды. Өңірдегі онкологиялық орталықтың білікті дәрігерлері шалғай аудандарды аралап, тұрғындарды қабылдап жатыр. Науқастар жүздеген шақырым жерге сабылмай, тұрғылықты жерінде медициналық көмек алады. Бұл жолы Күршім ауданы ауылдарының тұрғындары тексерістен өтті. Шалғай ауданға дәрігерлер өздері барды.

Көпбейінді онкология және хирургия орталығының көшпелі бригада құрамында бірнеше маман бар. Олар - маммолог, гинеколог, уролог және хирург. Тұрғындар үшін барлық консультация тегін жүргізіледі.

РОЗА ЧЕЛУБАЕВА, ШҚО КҮРШІМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дәрігерлердің келетінін бізге алдын ала хабарлады. Сондықтан, әрине, келдік. Біз сияқты зейнеткерлер үшін дәрігерлерге өз ауылымызда-ақ қаралып, кеңес алу - үлкен жеңілдік болды. Әсіресе күн суытқанда облыс орталығына бару   бәрінің бірдей қолынан келе бермейді.

ВЛАДИМИР ПЕТРОВ, ШҚО КҮРШІМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін арнайы келдім, дәрігерлер жан-жақты қабылдап жатыр екен. Онколог та, онкохирург та және басқа да мамандарда болдым. Кімге қай дәрігер керек болса, соған қаралады. Тегін қабылдап жатқандары үшін алғыс айтқым келеді. 

Дәрігерлер әсіресе онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға тырысады. Өйткені дертті бастапқы кезеңде анықтау ғана емді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. 

ҚАНАТ ШАПАТОВ, ШҚО КҮРШІМ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бұл - облыстық деңгейдегі мамандардың тексеруінен уақытылы өтуге жасалған жақсы мүмкіндік. Мұндай акция жыл сайын өткізіліп тұрса дейміз. Себебі бұл пациенттің дәрігерге жету жолын жеңілдетіп, тұрғындарымыздың денсаулығы мен өмір сапасына оң әсер етеді.

«Әділет керуені» партиялық бастамасының басты мақсаты - шалғай аудан тұрғындары үшін білікті мамандардың кеңесін қолжетімді ету. Дәрігерлер бригадасы әрі қарай   Тарбағатай,  Зайсан ауданының тұрғындарын қабылдайды. Партия өкілдері мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.