$451.05 €504.95 ₽5.6

Қазақстанда бес жылда мыңнан астам медициналық нысан ашылды

Қазақстанда бес жылда мыңнан астам медициналық нысан ашылды

Қазақстанда соңғы бес жылда мыңнан астам медициналық мекеме ашылып, дәрігер тапшылығы 20 пайызға қысқарды. Әсіресе, ауылдық жерлерде оң өзгеріс байқалады. Ал биыл медициналық сақтандыру қоры арқылы ауруханалар мен емханаларға 1 триллион 933 миллиард теңге бағытталған. Президенттің Жолдаудағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары қалай орындалып жатыр? Әріптесім Ақбота Базарбай баяндайды. 

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Президент тапсырмасына сәйкес, соңғы бес жылда мыңнан астам жаңа медициналық нысан ашылды. Оның ішінде 10 аурухана, 14 емхана, 967 амбулатория мен медициналық пункт және 12 өзге медициналық ұйым бар. Соның 655-і ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында пайдалануға берілді. Бұл шалғай елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Медициналық мекемелермен қатар, кадр мәселесіне де басымдық берілуде. Қазір салада 280 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер еңбек етеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында дәрігер тапшылығы 20,4 пайызға, ал ауылдарда 28,3 пайызға қысқарды. Дәрігерлерді өңірлерге тарту үшін әлеуметтік қолдау күшейтілді. 

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Өткен жылы 1760 дәрігер әлеуметтік көмек алды. Ауылға жұмысқа барған 529 дәрігерге 8,5  млн теңгеден төлем берілді. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Бізге тек дипломы бар емес, науқасқа сапалы көмек көрсете алатын дәрігер керек. Сондықтан студенттердің тәжірибесіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Әсіресе ауылға қажет мамандарды, отбасылық және балалар дәрігерлерін даярлау маңызды. 

Елімізде 72 мыңнан астам болашақ медицина маманы білім алуда. Президент тапсырмасымен салаға жасанды интеллект енгізіліп, заманауи технологиялар дамытылып жатыр. Ал биылғы тоғыз айда медициналық сақтандыру қорына бюджеттен 1 триллион 933 миллиард теңге аударылды. Қаражат ауруханалар мен емханаларға бағытталды. Жаңа Qalqan жүйесі қаржы қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Емделуші үшін ештеңе өзгермеуі тиіс. Олар үшін ең маңыздысы - медициналық қызметті күту уақытының қысқаруы және қажетті көмекті дер кезінде алу мүмкіндігі. Сондай-ақ көрсетілген медициналық қызмет үшін өз қалтасынан қосымша ақы төлемеуі керек. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі республикалық бюджеттен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 триллион 933 миллиард теңге аударды. Бұл қаражат кейін ауруханалар мен емханаларға бағытталды.

Алдағы уақытта дәрігерлерді даярлау өңірлердің нақты қажеттілігіне қарай жүргізілмек. Грант бөлу кезінде халық саны, аурушаңдық деңгейі мен мамандарға сұраныс ескеріледі. Бұл медициналық кадрларды тиімді бөлумен қатар, қала мен ауыл арасындағы қызмет сапасының алшақтығын азайтуға мүмкіндік бермек.