Елімізде жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Тексеру барысында олардың қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын бұзғаны анықталған. Енді бұл ұйымдар микрокредит бере алмайды. Лицензиясынан айырылған компаниялар қатарында «MaxMoney», «Вивус» және «EL QAZYNA» бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының заң талаптарын сақтауына бақылауды күшейтпек. Лицензиясынан айырылған ұйымдар 30 күн ішінде атауын өзгертуге, қайта ұйымдастыруға немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті. Ал бұрын жасалған микрокредит шарттары бойынша қарыз алушылар өз міндеттемелерін орындауға тиіс.
АРМАН ОМАРБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылғаннан кейін микроқаржылық қызметпен айналысуға, яғни несие беруге құқылы емес. Алайда осыған дейін аталған ұйымдармен қарыз шартын жасасқан азаматтар өз міндеттемелерін орындап, қарыздарын өтеуге міндетті. Егер азаматтар өз құқықтары қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұзылды деп есептесе, олар Агенттікке шағымдануға құқылы. Ол үшін нақты фактілерді көрсетіп, өз уәждерін растайтын құжаттарды қоса ұсынуы қажет.