Астанада ғылыми жобаға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен екі адам қамауға алынды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, мемлекетке 297 миллион теңгеден астам шығын келген. 2023 жылы кәсіпкер өсімдік майын қайта өңдейтін өндіріс ашуға 350 миллион теңгеге дейін грант алған. Алайда тергеу дерегінше, ақшаны өзіне қарасты компанияларға аударып, жобаны іске асырмаған. Оған ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметкері көмектесіп, 1 миллион 700 мың теңге алған деген күдік бар. Екі күдікті қамауда. Олардың алты көлігі мен бір пәтеріне және жабдықтарына тыйым салынды.
САЛТАНАТ КУШЕРБАЕВА, ҚР ҚМА БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алып, анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпеген және жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген. Екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен 6 автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.