Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адам суға батып кетті. Оның біреуі - әйел. Қайғылы оқиға Есен өзенінде, Бородиновка ауылынан 15 шақырым жерде болған. Шахтинск қаласының 64 және 68 жастағы үш тұрғыны таңертең балық аулауға шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Олардың жоғалғаны туралы хабар құтқарушыларға түн ортасында жеткен. Құтқарушылар дереу іздеуге шықты. Бір жарым сағаттан соң үшеуінің де денесі жағадан он метр жерде, екі жарым метр тереңдіктен табылды. Алдын ала болжам бойынша балықшылар жұқа мұздың астына түсіп, шыға алмай қалған.
НҰРЖАН ЖАҚАТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
Құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері, 6 құтқарушы, бір кинологиялық топ және 4 техника жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына полиция департаментінің қызметкерлері де қатысты. Түн болғандықтан іздестіру оңай болған жоқ. Мұз енді қатқан кезде су айдындарына шығу аса қауіпті. Тіпті жағадан бірнеше метр ұзап шыққан адамның өзі жұқа мұз астына түсіп кетуі мүмкін. Өйткені мұндай мұз адам салмағын көтере алмайды».